КІТАПХАНАШЫЛАРҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

0

Сіздердің газеттеріңізге көп алғыстар жазылып жатады, әсіресе, ақын-жазушылар, мектеп мұғалімі, медбике, дәрігерлерге айтылған алғыстар өте орынды. Ал мен ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай рухани азықты сақтап, том-том болған кітапты кітапхана қорына жинап отырған кітапханашыларға үлкен рахметімді айтқым келеді.

Әсіресе, аудандық орталық кітапханасында қызмет істейтін Бақытгүл есімді қыз қай уақытта барсаңыз, жылы жүзімен қарсы алып, аман-саулықты, жағдайды сұрап, қандай кітапты оқығыңыз келеді, қандай тақырып ұнайды, деп ұсыныс беріп лезде қажет кітапты тауып әкеледі.

Бақыткүлдің ұсынысымен жаңадан шыққан кітаптарды оқуға кірістім: белгілі тұлға, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Д.А.Қонаевтың кітабы, Алматы, Шымкент, Жамбыл облысын басқарған А.Асқаровтың «Тағдыр», Н.Келімбетовтың денсаулығы сыр беріп, арбаға таңылып отырып жазған «Үмітімді үзгім келмейді» шығармаларын  және де Қазақстанға әйгілі ұлағатты ұстаз, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Қанипа Бітібаеваға арналған, тәрбиелік мәні жоғары, сөз ұстамы зор «Қазақстан Қанипасы» т.б. кітаптар тәрбиелік мәні зор, оқыған адамға ерекше әсер ететін туындылар.

Міне, осындай кітаптар адамның рухани мәдениетін көтеруге, тұлға болып қалыптасуына, адам бойындағы асыл қасиеттерді дамытуға үлкен септігін тигізеді.

Біздің 50-60 жылдары кітап оқуға онша мүмкіншілігіміз болған жоқ, ол кезде кітапханаларда кітап аз еді, сонда да о заманның жастары кітап оқуға құмар болатын. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Саттар Ерубаевтың, Бердібек Соқпақбаевтың т.б. кітаптарын қол-қолға тигізбей таласа оқитынбыз. Ал қазіргі жастардың (барлығы емес әрине) кітап оқуға ынта-ықыласы төмендеп кеткен, көпшілігі ұялы телефон, теледидар т.б. үңіліп отырады. Бір уақыт кітап оқығанға не жетсін?!

2023 жылы сіздердің газетке бірнеше кітап оқитын азаматтардың аты-жөні жазылған екен, оның ішінде мен де бармын (Жолдасбаев Т.М) Адамның өмірі адаммен, достың көңілі доспен демекші, менің кейінгі кезде кітап оқуыма Ә.Сейілхановтың ықпалы зор болды, бұл кісі кезінде парторг, экономист, журналист болған адам, қазір зейнеткер, ауданымыздың Құрметті азаматы, үйде отырмай зейнеткер болса да ел арасында, қоғам жұмысына белсене араласады, көп кітап оқиды,  рухани білім алуға кітапхананың берері мол, дейді ол.

Айта кететіні, оқитын адамға ауданымыздың кітапханасында кітап қоры мол, жаңа кітап көп.

Соңында айтарым, Қордай аудандық кітапханасының ұжымына зор денсаулық, еңбектеріне табыс тілеймін. Сіздерге алғысым шексіз!

Тынышбек ЖОЛДАБЕКОВ, зейнеткер оқырман

Leave A Reply

Your email address will not be published.