Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қазірде қауіпсіздік бекемдігі жолында ел аумағынан білікті әскери мамандар даярлауда. Тіпті, кадет корпусын тәмамдаған түлектерден бөлек үздік атанған мерзімді қызметшілер арасынан «бөлімше командирін» әзірлеу жұмысы басталды. Жауапты істі қолға алған Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөлімінің аға оқытушылары материалдық-техникалық базаның әлеуетіне сүйеніп, 10 күнге жоспарланған шарада жас буындарға түрлі бағытта ілім берді. Айта кетерлігі, сынақтардан сүрінбей өткен сарбаз «кіші сержант» шеніне ие болады.
2 апта төңірегінде «ЖҰМ» және танк сынды техниканың командирлері өзінің міндеттерін меңгерді. Күрделі аймаққа тап болғанда топография немесе компастың көмегімен бағыт алуды, сондай-ақ, басқаруындағы 5 адамнан құралған бөлімшенің даярлығын жоғары деңгейге жеткізуді пысықтады. Әскердің көздегені тәртіп болса, сап алаңында қозғалыс қимылдарын қалыпқа келтіруді негізгі міндеттеріне айналдырды.
Физикалық жағдайына да көп көңіл бөлінеді. Жиын шеңберінде дене шынықтыру даярлығы бойынша тексерістер жүргізілмек. Оған белтемірде тартылу, 100 м. және 3 км. қашықтыққа жүгіру кіреді. Оқу бағытының ең маңызды бөлігі – сарбазбен жеке сұхбат жүргізуді үйрету. Өйткені қарамағындағы бірнеше адамның психологиялық жай-күйін талдау, оның жеке мәселесін тарқату ой-сананың ашықтығы мен тереңдігін талап етеді.
«Мұндай жұмысты алғаш рет тәжірибеден өткіздік. Санаулы күнде әскердің сан қырын бір түйсікке ұштастыру асқан шеберлікті талап етеді. Мамандарды даярлауға арналған кітаппен ғана шектелмей, өз тәжірибеміз бен білімімізді жеткізуге тырыстық. Желтоқсан айынан бастап олар мотоатқыштар, танк және өзге бағыттарға бөлінеді. Рота бойынша кезекшілікке түсіп, қару жарақ сақталуын бақылайды. Жігіттеріміз осы ретте міндетін абыроймен атқаратынына сенімім мол»,-дейді 3-ші сыныпты сержант Қайрат Калатдин.
Ертеңгі күні командир атанар жас мамандардың басым бөлігі әскердің мүмкіндіктерін байқап, болашағын осы саламен байланыстыруды жоспарлауда. Қазірде мерзімді қызметшілер арасында түрлі талант иелері бар. Көптің ішінен бой көтерген сол көшбасшыларды мемлекетіміз қолдауға әрдайым дайын.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі