Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны ауданның тазалығы, жолдардың уақытында жөнделуі мен күтіп-ұсталуы, әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың қысқы кезеңде жылытуы сынды маңызды жұмыстармен айналысатын мекеме. Иә, қоғамда коммуналдық қызметшілердің тарапына кейде сын айтылып жататыны бар. Алайда, олардың көпшіліктің көзіне көріне бермейтін еңбегі болмағанда, өмірімізде көптеген қолайсыз жайттарға жолығатын едік. Алғыс айту мерекесі қарсаңында халық игілігі үшін қызмет етіп жүрген жандармен сұхбаттасып, олардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін оқырмандарға жеткізуді жөн санадық…
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорнында үлкен жүк көлігі мен ауыр техниканы басқаратын жүргізушілер жұмыс жасайды. Олардың жұмыс кестесі көпшіліктің жұмыс уақытысы сияқты арнайы бекітілмеген. Күндіз-түні, қысы-жазы, ешбір демалыс-мейрамсыз еңбек етіп келген жандардың күш-жігеріне қайран қаласың. Талғат Қожамқұлов – 15 жыл, Айдар Ұзақов – 10 жыл, Еркін Жақтаев – 5жыл, Қайсар Қожамқұлов – 7 жыл. Бұл ауыр техниканы тізгіндейтін жүргізушілердің бұл мекемедегі еңбек өтілі.
– Бізде демалыс деген жоқ, – деп әңгімелерін бастады олар. – Бізге басшылық кез-келген уақытта қоңырау шалып, «жұмысқа шық», деп тапсырма береді. Қыс мезгілі біз үшін аса маңызды, әрі жауапты кезең. Ауа райын бақылап отырамыз. Қар жауғанда ауданның «колхоз аумағы» саналатын Қаракемер-Қарасайға дейін, «совхоз аумағы» Қайнарға дейін, «отар зонасы» Сұлутөр-Көктөбеге дейін және сонау Бел-Аңырақайға дейінгі авто жолдарды дереу тазалап шығу қажет. Бұл жұмыс әсіресе, таулы аймақтарда өте қиын. Қарлы боран, үскірік аяз, тайғақ жол, адам бойынан асатын қалың қар. Кей кезде дәл сондай сәтте техниканың бұзылып қалуы да мүмкін. Амал жоқ, сол жерден тез арада жөндеу керек. Біз тек жүргізуші емес, механикпіз, – дейді қызметкерлер.
Үлкен жүк көлігін айдайтын жүргізушілердің жұмысы көбінесе түнгі уақытқа түседі Олардың айтуынша, қыстың қатты аязында, кейде 2-3 тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуге тура келеді. Осы сәтте көлік жүргізушілерінің төзімділігі мен жауапкершілігі сыналады. Олардың басты міндеті – қараша халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ал, жаз мезгілінде олар таңғы сағат төртте Қордай ауылының орталық көшелеріне су шашып, ауылдың таза әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді.
Үлкен жүк көлігін айдайтын жүргізушілердің жұмысы тек техникалық білім мен дағдыны емес, сондай-ақ күш-жігер мен шыдамдылықты талап етеді. Олар ешбір қиындықтарға қарамастан, олар өз міндеттерін адал орындайды.
Жүргізушілердің еңбегі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы ең ауыр әрі жауапты жұмыс түрлерінің бірі. Олар ауданның тазалығы, қауіпсіздігі және қалыпты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Бірақ олардың қажырлы еңбегі көп жағдайда еленбейді. Осы мамандардың тынымсыз еңбегін бағалап, оларға құрметпен қарау – біздің міндетіміз. Айтулы мереке қарсаңында коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне үлкен алғыс білдіріп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз!
Еркін ҚАТБЕКОВ