КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР ЖАҢА ТЕХНИКАМЕН ТОЛЫҚТЫ

0

Қордай ауданының коммуналдық мекемелері жаңа техникамен толықты. Қыс айларында жолдарды қардан тазалауға арналған жаңа арнайы техникалар енді аудан аумағынан өтетін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда қызмет атқармақ.

Техниканы салтанатты түрде табыстауға аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысты.

«Былтырғы жылғы қыс айында болған қатты боран, аяз салдарынан аудан аумағынан өтетін жолдарды қардан аршу, жолда қалған көліктерге көмекке жету бойынша біршама қиындықтар туғанын жақсы білесіздер. Бұл біздерге арнайы техникалардың қажеттілігін көрсетті. Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың тапсырмасына орай аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, қажетті техникалар алып отырмыз. Бұл ауданның коммуналдық қызметіне жұмысты жылдам әрі оңтайлы жүргізуге зор ықпал етері анық», — деді аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы. Сондай-ақ, аудан басшысы жауапты мамандарға жұмысшыларға барынша жағдай жасау қажеттігін баса айтты.

Айта кетер болсақ, осы күні аудан әкімдігінің ТКШ ЖК АЖ бөліміне қарасты «Коммуналдық шаруашылық» мекемесіне қар тазалағыш ротор, қыс айларында қар тазалаумен, жаз кезінде су шашумен айналысатын «Камаз» маркалы арнайы көлігі, қар тазалау және жолдарға құм шашу қызметімен айналысатын екі «HOWO» жүк көліктері және бульдозер кілті табыс етілсе, «Қордай су» мекемесіне жолаушы тасымалдайтын «Газель» автокөлігі мен екі бірдей қызметті атқаратын трактор берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.