МҰҒАЛІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!

0

Ұстаздар күні қарсаңында ұйымдастырылған челленджге қосылып, туып-өскен ауылымдағы 8 жылдық мектепте білім нәрімен сусындатқан, тәлім-тәрбие берген ұстаздарым туралы қысқаша айта отырып, олардың аяулы есімін осы жерге жазып қоюды жөн көрдім.

Мен, Жамбыл облысының Қордай ауданы Өтеген батыр (бұрынғы Кеңес ауылы) ауылындағы 8 жылдық мектептің 1 сыныбына қабылданғанда алғашқы ұстазым Қарагөз Киізбаева тәтей еді, ол кісімен қатар Шернияз Уәлиев марқұм ағайым сабақ берді.

Қолыма қалам ұстатып, төте жазудағы әліпбиді үйреткен атам мен апам еді. Ол кісілер кирилл жазуын білмейтін.

Одан кейін химия, биология, анатомия пәнінен Төлеукүл Амантаева, тарих пәнінен мектебіміздің директоры Сейіт Байеков, музыкадан Қасық Оңалбаев, еңбектен Елубай Қожамбердиев, географиядан Абай Тойғұлов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Нұржамал Қойайдарова, орыс тілі мен әдебиетінен Күләш Барманбекова, физикадан Оңал Анарқұлова, ағылшын тілінен Светлана Жарова, алгебра және геометрия пәнінен Бүбіғайша Асаубаева тәтей, дене шынықтырудан Надежда тәтей білім берген-тін.

Менің журналистикаға қызығушылығымды ерте танып, бағыт-бағдар беріп, тілші болуға баулыған Нұржамал Қойайдарова тәтейім болатын. Ол кісі қажет жерінде қатал, қажет жерінде жұмсақ та бола білген екен ғой деп ойлаймын.

Бұлардан бөлек, мектебіміздің ардақты ұстаздары Әсия Байекова, Гүлайым Ақшемерова, Гүлбайхан Байтиковалардың жарқын бейнесі есімде жаңғырып тұр. Ал Әсемкүл тәтей, Баян тәтей, Күләш тәтей, Әзипа тәтей, Айсара тәтей, Бақытбек ағай, кітапханашы Мейрамгүл тәтей, асханашы Айша тәтейім, Дәрі тәтейімді ұмытқан емеспін.

8-ші сыныпты тәмамдап көпшілігіміз Қордайдағы жалғыз ғана  қазақ мектебі Абай атындағы орта мектепке қабылдандық. Интернатта тұрдық, интернаттың меңгерушісі Рахымбай ағай мен Рәш тәтейдің тәрбиесін көрдік.

Абай мектебінің қабырғасында жүріп, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатыстым, жүлдегер атандым. Ұстаздарым Күлайхан тәтей, мектеп директоры Қадыр Қалтайұлы, Тәшкенбай ағай, Мұхтар ағайлардың қамқорлығын сезіндім. 9-10 сыныпта оқып жүргенде республикалық басылымдарға мақалаларым үзбей жарияланып тұрды.

Біздің бойымызға адамгершілік пен адалдықтың, имандылықтың дәнін еккен ардақты ұстаздарымның есімін әрқашан мақтанышпен еске аламын.

Мейрамхан ЖӘПЕК, журналист, медиатренер

Leave A Reply

Your email address will not be published.