Қордай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 қазандағы №10 — 3 «Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес жекелеген санаттарына (мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын құжаттарды ұсына отырып) келесідей көмектер көрсетіледі:
1) мұқтаж азаматтарға (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде мынадай негіздер бойынша: жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы; жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы;
2) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінің жиырма еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткіш шегіне дейін, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде өтінішті беру мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кем емес;
3) әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізбесіне кіргізілген келесі санаттағы азаматтарға (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып: туберкулез ауруымен диспансерлiк есепте тұрған, амбулаториялық емделудегі адамдарға, ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде; адамның иммундық тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, ай сайын 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде; қатерлі ісік ауруы бар науқастарға, жылына бір рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;
4) санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне табыстарын есепке алмай, абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында санаторий — курорттық емделуге шығындарын өтеу үшін, жылына бір рет 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында санаторий — курорттық емделуге шығындарын өтеу үшін, жылына бір рет 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий — курорттық емделуге жолдаманы таңдаған 1 — топтағы мүгедектігі бар адамдардың күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алушыларына немесе жеке көмекшілеріне, ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, санаторий-курорттық емделуге шығындары өтеу үшін жылына бір рет халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторий -курорттық емдеу құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген соманың 70 (жетпіс) пайызы мөлшерінде көрсетіледі.
Санаторий — курорттық емделуден өткен азаматтардың жол жүру шығыстарын төлеу жеке қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, жағдай туындаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жасалады.
5) тұрғын үйді газдандыруға бір рет әлеуметтік көмек: жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспайтын газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, толық емес отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі. Әлеуметтік көмектің көлемі 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын газ құбырын орнатуға және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.
Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік көмекті Қордай ауданы аумағында тұрақты тіркеуде тұрған азаматтарға көрсетіледі.
Барлық сұрақтар бойынша Қордай ауылы, Төле би көшесі, 49 үй (байланыс тел: 2-10-03) мекенжайы бойынша орналасқан Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе тұрғылықты мекенжай бойынша жергілікті әкімдікке жүгінуге болады.