Дүйсенбі күні аудан басшысы Мәден Мұсаевтың төрағалығымен жұмыс отырысы өткізіліп, онда аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері атқарған жұмысы жөнінде есеп берді.
Бірінші кезекте сөз алған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Заурбаева ағымдағы жылдың 11 айында атқарған жұмысын жіпке тізді. Баяндамашының айтуынша, халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап ұлттық жобалар аясында іске асырылуда. 2022 жылғы 1 желтоқсанға жұмыссыз ретінде ресми түрде 1395 адам тіркелген. Есепті кезеңде әлеуметтік қолдауға 7406 адам жүгініп, 6823 адамға көмек көрсетілген.
Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру жайында кеңінен мағлұмат берілді. Аталмыш жоба бойынша осы мерзімде жұмысқа 26 адам жолданған. Сондай-ақ, Қордай ауданында 3 адам қатысқан «Ұрпақтар келісім-шарты» мен «Күміс жас» жобалары сәтті іске асырылуда. Сонымен бірге, баяндамадан белгілі болғандай, 2022 жылғы 1 желтоқсанға атаулы әлеуметтік көмек 550 отбасыға немесе 2612 адамға беріліп, аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетілген.
Жиын барысында Қордай аудандық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекнұр Юсупов атқарған жұмысы жөнінде баяндамасын ұсынды. Бөлім басшысының айтуынша ауданда елді мекендер аумағынан 5 шақырым арақашықтықта қоғамдық қажеттіліктер үшін жайылымдық жерлерді бөлу жұмыстары қарқын алған. Қазіргі таңда ортақ пайдаланудағы жер телімдері белгіленген. Жобаларды әзірлеуге келісім шарт жасалған, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қажетті жұмыстар аяқталғаннан кейін жерлер ауылдық округтерге бекітілетін болады.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеевтің мәліметі бойынша қазіргі таңда Қордай ауылында бірнеше көп қабатты үйлердің құрылысы аяқталуға жақын, Қарасу ауылында дене шынықтыру –сауықтыру кешені жұмысы аяқталуға таяу. Жиын барысында аудан әкімі салынып жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігіне назар аударып, жауапты тұлғаларға барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті.
МӘДЕН МҰСАЕВ: ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ ҚАЖЕТ
Prev Post