Мәдениет – өмір айнасы

0

Қақпатас ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Сондай-ақ, салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, мәслихат депуттары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Екі қабатты ғимаратта 180 орындық концерттік зал, кітапхана, киім бөлмесі бар. Сонымен қатар қызметтік кабинеттермен, үйірме және оқытушы бөлмелерімен жарақталған.

«Құрметті Қақпатас ауылының тұрғындары! Бүгін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қақпатас ауылында бой көтерген 180 орындық жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне куә болып отырмыз.

Бұл – тек бір ғимараттың ашылуы емес, бұл – ауылдың жаңа тынысы, ауыл өмірінің жаңа белесі, Қақпатас ауылының мәдени-рухани даму жолындағы маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз», – деп атап өткен болатын.

Қақпатас ауылдық мәдениет үйі – Мемлекет басшысының мәдениет саласын дамыту, мәдени нысандарды жаңғырту, жаңа мәдени ошақтарды ашу бағытындағы тапсырмаларының жүзеге асуының жарқын көрінісі деп білемін»,-деді аудан басшысы ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, Бегзат Сейсенқұлұлы тұрғындарға шығармашылықпен айналысу, мәдени шараларға қатысу қажеттігін айтып, бұл жұмыстардың елдің дамуына зор үлес қосатынын атап өтті.

Келесі кезекте алғысөз айту ауыл ақсақалына ұсынылды.

«Бұл нысан біздің ауылымыздың мәдени өмірінің өркендеуіне, шығармашылықтың дамуына және тұрғындарымыздың мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосатынына сенімдімін.

Енді бізде жастарымыздың дарындарын ашу, мәдени шараларды өткізу және тұрғындар арасындағы байланыстарды нығайту үшін тамаша мүмкіндік пайда болды»,-деді ауыл ақсақалы Мұхитжан Досжанов.

Лента қию сәтінен кейін, аудан басшысы жаңа мәдени нысанды аралап, оның көптеген мүмкіндіктерімен танысты. Ендігі, кезекте ауыл тұрғындарымен бірге, аудан өнерпаздарының концертін тамашалады.

Айта кетейік, Қақпатас ауылдық округінің халық саны – 4000-ға жуық тұрғынды құрайды.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.