МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ЕЛ ӨМІРІНІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ

0

Президент, ең алдымен, салтанатты іс-шараға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.

– Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін! Қазақ – өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз «Өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтты.

– Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалуда. Мақсатымыз – Отанымызды күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру. Наурыз айында бәріміз бір ел, бір халық болып конституциялық реформаға бірауыздан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет саласының мамандары мен өнер қайраткерлері де белсене атсалысты. Саяси науқан кезінде халқымыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында, бұл Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің мызғымас кепілі, халқымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы. Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Ата заңға сәйкес еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бұлжымас қағидат саналады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп санайды.

– Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда, мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады.

– Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы – Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл – заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті. Ірі мәдени-ағарту жобалары белсенді түрде қолға алынып, ғылыми бастамалар көтерілуде. Бұл сан қырлы қазақ мәдениетін насихаттау бағытындағы дұрыс әрі қажетті іс. Бүгінгі кездесуіміз маңызды күннің қарсаңында өтуде. Мұның символдық мәні зор. 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи уақиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді. Бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мен тиісті министрліктерге осындай міндет жүктелді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды.

Марапаттау рәсімінде белгілі әнші Татьяна Бурмистрова, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Бахтияр Қожа, түркиялық ғалым Кюршад Зорлу сөз сөйледі.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.