Қай кезеңде де қай елде болсын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы. Бүгінде ауданымызда ұлттық мәдениет пен өнер саласын насихаттап, жаңғырту мәселесіне айрықша назар аударылуда.
Қазіргі таңда ауданымызда мәдени салаға жақсы бетбұрыс жасалып жатыр. Осы тұста, былтырғы жылы мәдениет саласында жүзеге асырылған жобалар және ағымдағы жылдың 5 айлық мәдениет саласындағы атқарылған жүйелі жұмыстар жөнінде аудан тұрғындарына толығырақ ақпарат беру мақсатында, аудан әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейінің директоры Мақсат Балмұхамбетовпен тікелей эфирде баспасөз брифингі жүргізілген болатын.
Мақсат Қожабекұлының айтуынша, ауданның 41 елдімекенінде – 23 мәдени ошақ, 1 «Зерде» бейнемобиль және 1 тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет көрсетіп келеді екен. Оның ішінде 1 аудандық мәдениет үйі, 17 ауылдық мәдениет үйі мен 6 клуб бар. Брифинг барысында сөз тізгінін алған спикер Мақсат Қожабекұлы, былтырғы жылы ауқымды жобалар қолға алынып, бірқатар ауылдарда жаңа мәдени ошақтар бой көтергенін сөз арасында айта кетті. Мәселен, былтыр арнайы «Ел бесігі» жобасы аясында Бетқайнар ауылында 180 орындық мәдениет үйі соғылып, қолданысқа беріліпті. Дәл осындай мәдениет ошағы Қарасай ауылында да бой көтеріп, тұрғындар игілігіне қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің тапсырысымен «Емен» саябағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарын «ПроэктиК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік мекемесі атқарып шыққан.
Былтырғы жылғы атқарылған жұмыстарды атап өткен мәдениет үйінің басшысы, биылғы жылы мәдениет саласында орын алған өзгерістерге де тоқталып өтті. Аудан бойынша ағымдағы жылдың 5 айында барлығы 276 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 21140 көрерменмен қамтылған. Онымен қоса, аудан өнерпаздары республикалық, халықаралық өнер байқауларында жоғары белестерді бағындырыпты.
Атап айтқанда, 2025 жылдың ақпан айында Алматы қаласында өткен IV халықаралық «Mega dance» хореографиялық жобасында «Махаббат» халықтық би ансамблі және «Грация» би тобы қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
2025 жылдың 9 наурызында Тараз қаласында өткен «Тараз Art Fest» облыстық байқауында «Аққу» халықтық би ансамблі өнер көрсетіп, бас жүлдені қанжылаған. Сондай ақ, ағымдағы жылдың 9 наурызында Астана қаласында өткізілген «Alash Star» республикалық байқауына Степное ауылдық мәдениет үйінің «Жұлдыз» би үйірмесі және вокал үйірмесінен Гүлжан Жұмабай қатысып, жүлделі бірінші орын иегерлері атанып, Түркия мемлекетінің Стамбұл қаласына жолдама жеңіп алған.
Қорыта айтқанда, жалпы Қордай ауданында қай салада болсын өсім бар. Халықтың әл-ауқатын көтеру жолында атқарылып жатқан шаралар ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан экономикасының дамуы тұрақты, халықтың ауданына деген, оның болашағына деген сенімі зор. Осының бір көрсеткіші аудандағы мәдениет саласының дамуы деп білеміз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ