Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыбастау ауылында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» аталып өтті. Бұл тамаша іс-шараны «Зерде» жылжымалы кино-қондырғысының меңгерушісі Зураш Бурумбаева ұйымдастырды. Мереке аясында өткен «Қазағымның қазынасы — домбыра» атты домбыра пати мен «Қаз–қаз балам, қаз балам» атты тұсау кесер рәсімі көпшіліктің көңілінен шықты.
Мәдениет үйінің өнерпаздары Қарлығаш Қожағазина, Ұлдан Шалабаева, Ғалия Иманбаева, Арман Нұрғалиев және А. Тауыржан домбыра үнімен ауыл тұрғындарына әуезді әуен сыйлап, ерекше көңіл күйге бөледі. Қазақтың қасиетті қара домбырасының үні көктемнің шуағымен үндесіп, жүректерді жылытты.
Мерекелік шара барысында ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ежелгі дәстүр — тұсау кесу рәсімі де орындалды. Бала өмірінің жарқын, болашағының нұрлы болуын тілеген ауыл ақсақалы Ержан ата өзінің ақ батасын беріп, жиналған жұртты тебірентті.
Бұл шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған керемет бастама болды. Көпшілік Наурыз мерекесі қарсаңында осындай мәдени шаралардың ұйымдастырылғанына риза-шылығын білдірді.