Таразда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері,
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің хатшысы Жанар Орынбаева, «Мүгедек жастар қоғамы» ҚБ төрайымы Әйгерім Дәулетбаева, Жамбыл облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов және тағы да басқа медициналық қауымдастық өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Облыстық перинаталдық орталықта өткен шарада Ғайни Төленқызы МӘМС туралы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістермен таныстырып, олардың азаматтардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – 2026 жылдан бастап жұмыссыздар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін жарналарды жергілікті әкімдіктер төлейтін болады. Жамбыл облысында осы санатқа кіретін 70 мыңға жуық адам бар.
Сондай-ақ, МӘМС жүйесінің тартымдылығын арттыру мақсатында сақтандырылған мәртебені сақтау мерзімі 3 айдан 6 айға дейін ұзартылды. Бұл норма жарналарды тұрақты төлеп келген, бірақ уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды қолдауға бағытталған.
Тағы бір маңызды өзгеріс – жарна есептелетін табыстың жоғарғы шегі артады. Ол ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 40 еселенген мөлшеріне дейін ұлғаймақ. Бұл өзгеріс тек өңір тұрғындарының 2 пайызына әсер етеді.
2026 жылдан бастап онкоскринингтер барлық азаматтар үшін, сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, тегін көрсетілетін болады. Сонымен қатар, келер жылдан бастап МӘМС базалық пакетіне амбулаторлық диализ, 12 түрлі созылмалы ауру бойынша диагностика, дәрілік қамту және жоспарлы стационарлық көмек енгізіледі.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар салалық қаржыландырудың тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығы, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, ӘМСҚ қызметін жетілдіру мәселелері бойынша ойларын ортаға салып, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісінше жауап алды.