Бүгінгі таңда тіл – ұлттың жаны ғана емес, ел бірлігінің, қоғамдағы татулықтың да басты діңгегі. «Тіл – татулық тірегі» деп бекер айтылмаған. Көпұлтты Қазақстан үшін мемлекеттік тіл – қазақ тілі еліміздегі барлық этностарды бір шаңырақтың астына біріктіретін маңызды құралға айналуы тиіс.
Қазақ елі сан ғасырлық тарихында түрлі қиындықтарды бастан өткерсе де, өз тілін, ділін, дінін сақтап қалды. Тәуелсіздікпен бірге қазақ тіліне де жаңа тыныс берілді. Бүгінде тіліміз – мемлекеттік мәртебеге ие, білім мен ғылымның, мәдениеттің, заң мен саясаттың тіліне айналып келеді. Бұл – баршамыз үшін үлкен жетістік.
Отар ауылдық кітапханасының оқу залында 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл –татулық тірегі» атты мәнерлеп оқу кеші өтті.
Мақсаты — оқушыларды мемлекеттік тілді құрметтеуге тәрбиелеу; Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын насихаттау; тіл арқылы рухани байлықты дәріптеу.
Кітапхана меңгерушісі Гүлмира Айнақұлова еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстарды атап өтетіннін айта келе, қазір елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптасуындағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналатыны жайында айтып өтті. Кешке № 41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің 7 «Ә» сынып оқушылары қатысты. Мектеп оқушылары Тоқан Ардақ, Тоқтасын Сұлтан, Берік Шапағат, Борис Айша, Жақсыбекұлы Нұрасыл т.б. Мұхтар Шаханов «Төрт ана», Тұманбай Молдағалиев «Үйретеді кім оған ана тілін», Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі», Қадыр Мырза Әли «Ана тілің-арың бұл», Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қазақ тілі», «Ілияс Жансүгіров «Ана тілі» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетілді.
Кітапханада кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.
Қазақстан – жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының нәтижесі. Ал татулықтың алтын арқауы – ортақ тілде сөйлей білу. Қазақ тілі – бірліктің кепілі, тұтастықтың тірегі.
Әрбір азамат ана тілін ардақтай отырып, мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.