МАҚАЛ-МӘТЕЛ КҮНІ КЕРЕК

0

Қазір біздің елімізде барлық мамандық бойынша кәсіби мерекелер бар. Мамандықтың жаманы жоқ. Әркімнің жүрегі қалаған мамандығы болады. Ол басқаға қораш көрінуі мүмкін. Ал, оны жүрегімен сүйген, қалаған адам үшін одан асқан кәсіп жоқ. Мамандықтың төресі сол. Сондықтан, кәсіби мерекелерде сол мамандық иелерінің мәртебесі артып, мерейі өсіп, мәре-сәре мәз болып қалатыны сөзсіз.

 

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрге арналған мерекелер – бүкілхалықтық сипатта. Оны ел болып тойлаймыз. Өйткені, ол мереке – елдігіміздің белгісі. Мейлі ол халықаралық болсын, мемлекеттік болсын, кәсіби болсын, кез-келген мереке адамдарды отаншылдыққа, достыққа, адамгершілікке баулитын, жақсы істерге үндейтін болғаны жөн. Шүкіршілік, ондай мерекелер баршылық. Кітап күні, домбыра күні – осыған айғақ. Бұл екеуінде отаншылдық та, рухани да тәрбие бар. Міне, осындай мерекелер қатарына ресми түрде «Мақал-мәтел күні» атауымен бір мереке қосылса деген ұсынысым бар.

Қазақтың шешендік өнерінде мақал-мәтелдің орны бөлек. Кез-келген әңгіменің тұздығы десек те болғандай. Әңгіменің әрін, сөздің дәмін кіргізіп, айтар ойыңды айшықтап тұрады. «Мақал – сөздің мәйегі» деп бекер айтпаған ғой қазақ.

Рас, елімізде әр аймақта әртүрлі деңгейде батагөйлер сайысы, айтыстар өткізіліп келеді. Байқап отырсаң, олар да айтар ойларын мақал-мәтелмен тұздықтап жатады.

Мақал-мәтел мектеп оқулықтарында да бар. Көшедегі, алаңдардағы, мәдениет үйі, клуб секілді қоғамдық орындардағы көрнекі үгіт-насихат құралдары сипатында ілінген плакат, билбордтарда да мақал-мәтелдер жазылған. Сөйте тұра балаларымыздың мақал-мәтелмен ауыздануы көңіл көншітпейді. Сондықтан, мақал-мәтел күні керек-ақ. Сол күні адамдар арасында, әсіресе, балалар арасында, мақал-мәтел айтудан жарыс ұйымдастырылса, қандай ғанибет! Ол жарыстарға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тақырыпты да таңдай білген дұрыс.

Бала өзі айтып тұрған мақалдың немесе мәтелдің мәнін, мағынасын, айтар ойының ымырасын, ишарасын, астарын түсінетін, оны ұғынықты етіп айтып бере алатындай болуы керек. Тіпті, жарысқа қатысушы ең алдымен мақал мен мәтелдің мәнін ажырата білетін, айтып бере алатындай дәрежеде дайындалғаны дұрыс.

Мақал-мәтелдердің арнайы күнін белгілеп, осы бағытта түрлі іс-шаралар, байқаулар, сұрақ-жауап кештерін ұйымдастырса орынды болар еді.

Сондықтан, менің ұсынысым ұлағатты жандардың назарына ілініп, қолдау тапса екен деген ниеттемін.

Аймахан КӨРПЕЛДЕСОВ,

Бетқайнар ауылы тұрғыны, зейнеткер

Leave A Reply

Your email address will not be published.