Жоғарыда айтылған маған жұмысқа шақыру хатын жіберетін Мақан ағамен бес жылдай ғана қызметтес болдым. Сұм тағдыр ол кісіні небәрі 55 жасында өмірден алып кетті.
Мақан Бексейітұлы 1925 жылы Ақтерек ауылында туған. Соғыс басталғанда Красногор мектебінің тоғызыншы сыныбында оқитын. 1943 жылы жасы кәмелетке толып ол да әскерге шақырылды. Үшінші Украин майданында 84-ші атқыштар полкінің сержанты Жеңіс күніне дейінгі бір жарым жылда сұрапыл соғыстың талай сұмдығын басынан өткеріп келді. Кейіннен оның айтып отырған әңгімелерінен жаның түршігетін. Бірде біздің әскерлердің жеңісті шайқасынан кейін командир қолға түскен неміс тұтқындарын үш шақырым жердегі штабқа айдап апаруды Мақанға бұйырады. Ал оның автоматтағы оғы таусылған, алайда жауға сыр берместен бір топ тұтқынды межелі жерге желкелеп жеткізеді. Тағы бірде дәл қасынан снаряд жарылып, қаруластары тегіс баудай түсіпті. Мақан да оң қолынан ауыр жараланып есінен танады. Бір уақытта есін жиса, неміс солдаттарының даусын естиді. Оқ тиіп құлағандардың өлген-өлмегенін темір істікпен шаншып тексеріп келеді екен. Жан дәрмен шұңқырдың түбіне қарай жылжып өліктердің астына жатып алады. Сөйтіп, тура келген бір ажалдан аман қалады. Он тоғыз жасар жас жауынгер үшін соғыс осымен аяқталып, ұзақ емделіп, госпитальдан елге оралады.
Мақаңның ақынжандығы, сөзге ұсталығы оның болашақ мамандығына жол ашқаны анық. 1949 жылдан жергілікті “Красногоршы» газетінде өлеңдері, ел тұрмысы туралы хабар-ошарлары көріне бастайды. Кейіннен «Социалистік Қазақстан» газетіне корректор болып орналасып, газет ісінің сырларына қаныға түседі. ҚазМУ-дің журналистика бөліміне қабылданады.
Жоғары білім алып шыққаннан кейінгі жерде Мақан Боқаевтың журналистік келбеті бар қырынан көрінеді. Жолдамамен Шу, Луговой (Құлан) аудандық газеттерінде бөлім меңгеруші, редактордың орынбасары қызметтерінде болады. 1963 жылдан «Қордай шамшырағы» газетінің белсенді мүшесіне айналады. «Шамшырақтың» Андреев, Көпбаев, Омарқожаев, Сақауов, Керімбаев, Сүйімқұлов, Шолпанқұлов, Негрышев, Хорошевский, Сатаев сынды алдыңғы толқыны қатарында Боқаев та аудан баспасөзінің қалыптасып орнығуына сүбелі үлесін қосты. Газет ісіне араласқан жастарға үнемі қамқорлықпен қарап, тез төселіп кетуіне ағалық ақылын аянып қалған емес. Ауданның түпкір-түпкірін қоймай іссапарда болып етектей-етектей мақалаларды үсті-үстіне жариялайтын. Кейде шұғыл материалдарды қолмен жазып екі жұмыс етіп отырмай, блокнотын барақтап отырып-ақ мәшіңкеге ауызша жаздыратын. Мақан ағаның соғыста жарақат алған оң қолы жиі сыр беріп, кейде талып қалам ұстауға жарамай қалатыны болушы еді. Ондай кезде сол қолымен де жазуға машықтанып алған-ды. Қордай өңірінде Мақаңның аяғы жетпеген жер, ол жазбаған тақырып қалмаған шығар. М.Боқаев редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды, ауданның өмір тынысын жете сезінді. Ең көкейкесті жайларды көтеріп, тиісті орындардың алдына мәселе етіп қойып отырды. Газеттің алпысыншы-жетпісінші жылдардағы тігінділерінен оның мақалалары нөмір сайын кездесетіні осының дәлелі. Мақан ағаның соғыстағы және бейбіт өмірдегі ерен еңбегі «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдерімен және көптеген алғыс хаттармен, грамоталармен атап өтілген. Олардың ішінде Ұлы Жеңістің 30 жылдығында КСРО Қорғаныс министрі, маршал А.Гречкондан келген құттықтау хатты ерекше бағалаушы еді.
1980 жылы 1 мамырда майдангер Мақан Боқаевтың отбасына аудан орталығының Жібек жолы көшесінде жаңа салынған үйден үш бөлмелі пәтер берілді. Ал олардың бұрынғы үйі бізге тиген болатын. Бірақ, аға жаңа қоныстың қуанышын ұзақ көре алмады. Сол жылдың күзінде ауыр дерттен дүние салды. Мақан Боқаев зайыбы Нұрғайша Жапарқұлова екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан бір қауым ел өркен жайған.
Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудандық газет редакциясында жазу өнерінің талай бір марқасқаларымен тізе қоса еңбек етуді тағдыр жазыпты. Бүгінде көрнекті жазушыға айналған Несіпбек Дәутайұлынан бастап, Сағыныш Медетбекова, Таңатар Сандыбаев, Тәңірберген Майжанов, Қырықбай Мақаметжанов, Аязби Бейсенқұлов, Қыдырбек Мұсабеков, Ғалым Қасабай, Қайрат Иса, Зернебек Шілдебаев, орыс бөлімінен Владимир Бочков, Валентина Бондарева, Светлана Кожина, Надежда Круть, Валентина Кернер, Людмила Досымбекова және басқалары аудан өмірінің шежіресінде өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Солардың ішінде жоғарыда сөз еткен үш майдангердің орны қашанда бөлек.
Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист