МАҚСАТ ПЕН МЕЖЕ АЙҚЫН

0

Қордай ауданы – облыстағы ірі агроөндірістік өңірлердің бірі. Ауданда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Үлкенді-кішілі агроқұрылымдарда мал басы артып, ауылшаруашылық өнімдердің өндірісі ұлғаюда. Мәселен, ағымдағы жылдың алты айында 32875,7 тонна сүт, 7007 тонна ет, 7620,8 мың дана жұмыртқа, 880,6 тонна жүн өндірілген.

Жалпы, мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдетілген несиелердің арқасында ірі қара алып, мал бордақылау алаңдары мен мал сою цехтарын салып жатқан шаруалардың ісі өрге домалап келеді. Айта кетсек, үстіміздегі жылдың бірінші тамызына аудан көлемінде 94278 бас ірі қара, 466759 бас қой, 19327 бас жылқы тіркелген.

Қолданыстағы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шаруа қожалықтарына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ықпал етіп, нәтижесінде ауданымызда асыл тұқымды төрт түліктің саны айтарлықтай өскен. Аталмыш бағыттағы ісін білек сыбана өркендетуге кіріскен аудан шаруалары мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың қараша халыққа қолайлы әрі қолжетімді екенін алға тартады. Бұл тұрғыда олардың несиенің мерзімін ұзартумен қатар, асыл тұқымды мал басына субсидиялардың қарастырылғаны қуантады.

Қазіргі таңда ауданда алпыстан астам агроқұрылым асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алған. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы аясында қарастырылған мемлекеттік қолдаудың арқасында фермерлер 200 бас ірі қара және 3110 бас қой алған. Бұл өз кезегінде ет және сүт өндірісі көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берген. Осылайша, ауданда қой шаруашылығын қолға алған агроқұрылымдардың бірі «Қабыл-Нұр» ШҚ. Асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық бір жыл бұрын «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, «қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы» тұқымының 350 аналық басын сатып алған.

«Біз «Сыбаға» бағдарламасына қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Көктемде қойлардан төл алдық. Мемлекеттік қолдаусыз, әсіресе, қазіргі жағдайда жұмыс жүрмейді. Бағдарлама бойынша қарастырылған жеңілдіктер бізге ыңғайлы әрі қолжетімді. Бұл мал алу үшін қаржыландырудың ыңғайлы бағдарламасы», — дейді шаруашылық басшысы Қ.Медеуов.

Мұнда асыл тұқымды мал басын көбейтумен қатар, қой етінің өндірісі де қолға алынып, былтыр шаруашылық 4 тонна қой етін өткізіпті.

Осы орайда мемлекеттік бағдарламаның игілігін өзге шаруашылықтар да сезініп үлгергенін айта кеткен жөн. Мәселен, «Әділ» шаруа қожалығы жеңілдетілген несиеге «еділбай» тұқымының 250 бас аналығын сатып алған. Қаражат 14 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге беріліпті. Оның 6 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ, жеңілдік кезеңіне сай несие төлемі екі жылдан кейін ғана төлене бастайды. Ал, асыл тұқымды малдың артықшылығын ескерген басшылық тек қана асыл тұқымды мал ұстауға ниетті. Еділбай қойының қошқарлары 120 келіге дейін салмақ жинаса, аналық бастарының салмағы 70 келіге дейін жетеді. Бұл тұқымның басты ерекшелігі оның тез жетілуінде, яғни төрт айлық қозы етке жарамды. Еті дәмді әрі жеңіл. Бір жылда бір саулықтан 185 литрге дейін сүт алуға болады екен.

Осы тұста аудан шаруаларының «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасынан шет қалмағанын айта кеткен жөн. Аталмыш жоба ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісіне және мал шаруашылығына бағытталған. Жылдық мөлшерлеменің 15 пайызының тоғызын мемлекет субсидияласа, 6 пайызын кәсіпкер төлейді. Айта кетсек, былтыр «Жолан» ШҚ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие алып, мүйізді ірі қараның аналық басын көбейту мақсатында 80 бас сиыр сатып алған. 45 гектарға дәнді-дақыл мен көп жылдық шөп өсіретін шаруа қожалығы қажетті мөлшерде жем-шөбін де жинап үлгерген.

Ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқандар қатарында «Арлен» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» аясында қожалық жылқы көбейтуге төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Қымыз өндірісін қолға алған шаруашылық аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Қожалықта 120 бас жылқы, 200 гектар жайылым бар. Сонымен қатар, сүт өндірісін дамытуды көздеген шаруашылықта 30 бас сиыр байлаулы тұр.

Естеріңізге сала кетсек, «шаруамды шалқытып, кәсібімді дөңгелетсем» дегендер «Қарапайым заттар экономикасына» қатысу үшін кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына қайырылу қажет. Онда мамандар жобаны сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіп, жұмыс жүргізу үшін толық ақпарат берілетін болады. Осы орайда бизнесті қолдауға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы жайында айта кеткен артық болмас. Мемлекет тарапынан ұсынылатын гранттарды кәсіпкерлік негіздерін үйренген жұмыссыз азаматтар мен кәсіпкерлер ала алады. Ең бастысы қаржының міндетті түрде мақсатты жұмсалуы тиіс. Демек, алынған қаражат қажетті құрал-жабдық пен бизнес-жобада көрсетілген мал-құсты сатып алуға, жеке ісін жүргізуге арналған бөлмені жалға алуға жұмсалады.

Ет өндірісімен қатар сүт өндірісі де азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Ауданда сүт өндіретін бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Олардың ішінде мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен қолданатыны ретінде «Қақпатас-Қордай» ЖШС атауға болады. Мемлекет ұсынатын субсидиялар мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға және ілгерілетуге септігін тигізуде. Асыл тұқымды мал өсіріп, мол азықтық базасы мен жайлымы бар серіктестік еттің экспорттық әлеуетін ұлғайту және мал шаруашылығын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы болып табылады. Қазіргі таңда шаруашылық «Алатау» және «Швиц» тұқымдас сиырларды ұстайды. Сүтті бағытты дамытуды көздеген агроқұрылым осыдан бірнеше жыл бұрын «DeLaval» компаниясының автоматтандырылған заманауи құрал-жабдығын орнатқан. Серіктестік сауыншылары бір мезгілде 24 сиырдан сүт алады. Әр сауын аппаратына сүттің көлемін, температурасы мен ағынын, сапасын көрсететін арнайы компьютерлік датчиктер орнатылған.

«Ірі қара мен ұсақ малдың басын көбейту шаруашылық үшін ет пен сүт өнімін молайтуға мол мүмкіндік береді», — дейді серіктестік басшысы Д.Қошалиев.

Қазір серіктестікте қысқа мал азығын дайындау жұмыстары қызған. Жоңышқа, көпжылдық шөптер толығымен жиналып, қораларға жеткізілген. Ал, пішендемеге бөлек траншеялар дайындалып, бастырылуда. Бұл серіктестіктің жылдағы атқаратын үйреншікті жұмысы.

Ауданымыздағы тағы бір асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктердің бірі «Нұр-Ал» ЖШС. Шаруашылықта 450 бас ірі қара және 1000 бас «қазақ меринос» қойы бар. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша серіктестік сүт зауытына 150 тонна сүт жөнелтіпті. Былтыр бұл көрсеткіш 350 тоннаны құраған. Мұнда майлылығы 4,3 пайызды құрайтын бірінші сұрыпты сүттің сапасына аса мән беріледі.

Қазіргі таңда шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту міндетін алға қойып, оны жүзеге асырмақ. Бүгінде 2000 тонна пішендеме, 2000 тонна шөп жинаған шаруашылық сүт пен ет көлемін ұлғайтуға ниетті.

Шаруашылық фермаға арналған заманауи сауын аппараты мен автоматтандырылған тезек тазалайтын транспортер сатып алған. Алдағы уақытта мал ұстайтын жаңа қора салу жоспарланғанымен, қазір қолда бар қораларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Мал шаруашылығын дамытуға белсене кірісіп, жергілікті халықты етпен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі таңда мал шаруашылығын дамытуға, жеке іспен айналысуға мол мүмкіндік жасалған», — дейді серіктестік басшысы Д.Онгелдиев.

Тәжірибе көрсеткендей, ауыл тұрғындарының көбі мемлекеттік қолдауды пайдалануға ұмтылуда. Шаруалар қауымы болса «Қарапайым заттар экономикасы» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсібін дөңгелетіп, ауданның әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосып келеді.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.