МАҚСАТЫ АЙҚЫН, ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ ҚАУЫМДАСТЫҚ

0

Өткен жұмада аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Қордай аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Кенжекүл Ағыбаеваны қабылдады. Кездесуде бірқатар маңызды мәселелер, әсіресе отбасы құндылығы, “Балалар жылы” аясында балаларға жан жақты қолдау көрсету сынды тақырыптар талқыланды.

Дамира Маратқызы бүгінгі күні жастар арасында ажырасу фактілерінің көбейгендігін алға тартып, К.Ағыбаеваға отбасы институтын күшейту бойынша жастармен сұхбат құрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, аудандық әйелдер кеңесімен бірлесе отырып қыз баланың тәрбиесіне қатысты жұмыстарды жандандыру қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығы 2009 жылы құрылып, содан бері кәсіпкерлікті дамыту, балаларды қорғау, мүгедек балаларға демеушілік көрсету бағытында тындырымды тірліктер жасап, медициналық көмекті қажет ететін әлеуметтік топтарға қаржылық көмек көрсету мақсатында арнайы акциялар мен қайырымдылық жобаларды өткізіп келеді.
Кездесу барысында Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы аудан әкімі орынбасарының ұсынысын ескеріп, алдағы уақытта аталмыш бағыттар бойынша жұмыстарды қолға алатынын тілге тиек етіп, қауымдастықтың алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. К.Түленбайқызы бірлестік құрамын қайта қарап, оның құрамына мемлекеттік қызметкерлер мен білім саласы қызметкерлерін енгізуді, сондай-ақ, Іскер әйелдер қауымдастығы жанынан «Жас қанат» жастар қанатын құруды ұсынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.