ҚЫЗ ТӘРБИЕСІНЕ БАСА МӘН БЕРУ ҚАЖЕТ

0

Жұма күні аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Д.Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, әйелдер кеңестерінің төрайымдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында үш мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі А.Қожабергенова баяндама жасап, ол білім беру ұйымдарында балаларға қатысты ерте жүктіліктің, қатыгездік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түрлі форматтағы жалпы 107 іс-шара ұйымдастырылды, 12 сауалнама алынып, 913 тәрбие сағаттары, 162 рейдтік іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, оқушылар арасында құқық бұзушылық профилактикасы, ерте жүктіліктің алдын-алу бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер және ата-аналар арасында жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, «Әдеп пен ар-ұят — қыз көркі», «Қызың үйде — қылығы түзде», «Ерте жастағы жүктілік», «Өмір-қымбатсың маған» тақырыптарда сыныптан тыс жұмыстар мен түсіндірме, танымдық видео роликтер әзірленіп, арнайы чаттарға жолданды», — деді. Баяндамашының хабарламасын тыңдаған комиссия отырысына қатысушылар аудандық білім бөліміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Кенен ауылдық округінің әкімі Н.Жаманкөзев АПБ қызметкерлерімен бірлесе отырып, ауылдық жерлерде мектеп оқушыларына жолда жүру ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынса, Д.Маратқызы жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын аналар алқасы, әкелер кеңесі сынды жергілікті қоғамдық ұйымдармен бірлесе жүзеге асыруды тапсырды.
Одан кейін Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ш.Бейсембаева сөз алып, орталықтың атқарған жұмысы туралы толыққанды ақпарат берді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету» стандартын басшылыққа ала отырып, 2021 жылы орталықта барлығы 78 қызмет алушыға қызмет түрлері көрсетілді. Оның ішінде 25 әйел, 53 кәмелетке толмаған балалар. Қызмет алушыларға 8 түрлі бағытта қызметтер ұсынылады», — деген мекеме директоры аталмыш сегіз бағыт бойынша жыл бойына атқарылған іс-шаралармен таныстырып өтті. Сондай-ақ, агрессорлармен жұмыс істейтін арнайы маман болса деген ұсынысын да жеткізді.
Жиын барысында Ауқатты және Кенен ауылдық округтері әйелдер кеңестерінің төрайымдары жыл басынан бері атқарылған жұмыстары жайында баяндап, комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай жауапты тұлғаларға жас отбасылармен, мектеп жасындағы балалардың, әсіресе қыз баласының тәрбиесі бойынша жұмыстарды күшейтуді ескертіп, тиісті тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.