28 тамызда «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалының мәжіліс залында Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков ашып, кеңестің күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Жиын жұмысына Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі Арқабек Төлебаев, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Сейдахмет Сейітбеков, кеңес комитетінің мүшесі Есен Рымқұлов, аудандық мәслихат төрағасы НұрдинСадықов және кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде үш өзекті мәселе қаралды. Алғашқы болып Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков сөз алып, 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық барысы жөнінде кең көлемде баяндама жасады. Ол мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқулықтармен толық қамту, педагог кадрлар тапшылығы және білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Келесі мәселе – Қордай ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен мемлекеттік мекемелердің жеті айда атқарған жұмыстары туралы болды. Бұл жөнінде округ әкімі Әділет Қаспақбаев баяндама жасап, жол жөндеу, көше жарығын орнату, абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстарының жай-күйімен таныстырды.
Отырыста талқыланған үшінші мәселе – Қордай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2025 жылдың жеті айындағы қызметіне арналды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың тиімділігі мен өзекті мәселелер бойынша кеңес мүшелері нақты ұсыныстарын білдірді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қоғамдық кеңестің комиссия мүшелерінің зерделеу жұмыстарының қорытындысы турасында кеңес мүшелері Б.Жамангозов, А.Алматаева және Ж.Орақбай сөз алып, бірқатар маңызды тұстарға тоқталды. Сонда көтерілген сұрақтар аясында жоғарыда көрсетілген жауапты тұлғалар түсініктеме беріп өтті.
Жиын соңында барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, құзырлы мекемелерге нақты ұсыныстар жолданатын болды.