Биыл Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына 76 жыл толып отыр. Содан бері міне 76-шы көктем келді. Осы уақыт ішінде Отан қорғаған майдангер-леріміздің саны сиреп, бүгінде үш ардагеріміз ғана ортамызда. Соның бірі, Кенен ауылының тұрғыны Керімқұл Қосақов жайлы сыр шертпекпіз.
Аңырақай қазақ тарихында тамыры тереңге тартылған әйгілі жер. Кейбір деректе қалмақ пен қазақ шайқасының соңғы орны деседі. Десе де желі бір тынбай аңырап тұратын дала мал шаруашылығына қолайлы еді. Шөбі шүйгін, суы мол мекенде отар-отар қой жайылып, қора толы қозы маңыраған қазақтың басына түскен ашаршылыққа дейінгі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған шағы еді. 1925 жылы қақаған қаңтарында болашақ ұстаз, майдангер Керімқұл Қосақов Аңырақайдан ары Құлжабасы жотасында Қосаққора деген жерде дүниеге келген. Қосаққора әкесінің малы жайылған жер. Әкесі сол маңдағы бай-бағланның бірі болған. Қорасына малы симай жылда өрісі төлге толатын. Сол шақта ел арасы бұл жерді Қосаққора деп атап кеткен. Керімқұл қария дүниеге келген қаңтар айы өзгеше суық еді. Шешесі Күлиша 17 құрсақ көтерген батыр ана. Алайда сол ғасырдағы қазақ даласын жайлаған жұқпалы шешек, оба тағы басқа да аурудан 14 баласынан айырылған. Ағасы Керім мен әкпесі Шәрімнен кейін Керімқұл атамыз өмірге келген. Кейіпкеріміздің енді ес жияр уағы советтің солақай саясаты белең алып байларды кәмпіскілеу кезімен тұспа тұс келеді. Сол кәмпіскілеуге Қосақта ілінеді. Әкесін арбамен алып бара жатқан кез Керімқұл қарияның әлі көз алдында. Артынан ай өтіп, бес жасар Керімқұл анасымен еріп әкесінің артынан барады. Ол кезде әкесі Ақмолаға аттануға шақ тұрған. Тек баласының маңдайынан сүйіп үлгереді. Шешесі Күлиша ауыл жұртынан, малын баққан қойшылардан Қосаққа мінездеме жаздырып, оның тек жұртқа деген қамқорлығы ғана сезілгенін айтып, жәрдемдесуге жаны құмар жанашыр жан екендігін дәлелдеп, араға төрт ай салып Қосақты айдаудан босатады. Содан қайта оралған Қосақ отбасын алып жалғыз түйесіне киіз үйін артып, ескі танысын іздеп көрші қырғыз еліне аттанады. Бұл қазақ даласында ашаршылық басталған уақыт еді. Жол жөнекей қайыр сұраған халық, жер ауған жұрт. Ескі танысының қыстауында бір жылдай болып, одан ары қырғыздың Ақши жеріне табан тірейді. Сонда күнелтіп, бала-шағасын бағады. Кезінде қалған киім-кешекпен әшекейін сатып, барынан айырылады. Содан күндердің бірінде Қосақ пен Күлиша жейтін жемтік іздеуге кеткенде киіз үйінен көз жазып қалады. Келсе балалары бір сандықтың үстінде жатыр екен. Жаны қиналған отбасы көшкінге қайта салып, атамекені Аңырақайға оралады. Ауыл жұрты әкесін қашқын атап жұмысқа да алмайды. Күннен күнге күн көру қиынға соғады. Сол кезде бала Керімқұл темір жолда қайыр тілеп, елдің берген үзім-үзім нандарын жиып отбасына тасиды. Араға жыл салып Кіндіктас поселкесіне көшіп, сонда тұрақтайды. Әкесі жекеменшіктің сиырын бағып, балалары мектепке барады. 1937 жылы әкесі Қосақ дүние салады. Мектепті үздік оқыған Керімқұл төртінші сыныпты аяқтаған соң бесінші сыныпты оқу үшін Иірсуға келеді. Мұнда да жақсы оқып мектепті аяқтайды. Осы шақты соғыстың оты тұтанады. Ағасы Керім жоғары оқу орнын оқып, сол жерден соғысқа аттанады. Аттанғанда жазған хатынан кейін, еш хабар болмайды. Бұл уақытта Керімқұл колхозда жұмыс істейді. Сабақты жақсы оқығанының арқасында ол есепшілік мамандықты атқарады. Колхоз жұмысының алға сүйреуіне атсалысып, басшылықтың алғысына бөленеді. Жасы 17 толған уағында соғысқа шақыру қағазы келіп, соғысқа аттанады. Әуелі Фрунзе қаласына келіп, онда жаяу әскер курсына түседі. Қолында жақсы оқығаны, колхозда жақсы жұмыс атқарғаны жайлы қағазы бар ол командирлердің назарында болады. Мұнда біршама уақыт болып әскерліктің қыр сырын меңгереді. Шеңберлі уақыт таяғанда жаяу әскер курсанттары Мәскеуге сапар шегеді. Оның арасында Керімқұл Қосақовта бар. 1942 жылдың қазан айында Керімқұл Қосақов екінші Украина майданында 5-армияның 68-бригада, 8-мотомеханикалық корпусында пулеметшілер взводында көздеуші болып алғашқы ұрысқа да кіреді. Алдымен Харьковке дейін пойызбен келіп, одан әрі түн қатып жаяу жорықпен Днепрге жақындай түседі. Бұл әр тұста жаудың өзеннің шығыс жағалауына қарай өршелене ұмтылып жатқан кезі еді. Бұлардың корпусына Кременчуг қаласы тұсынан өзеннің арғы бетіндегі деревняларды немістерден босатуға бұйрық беріледі. Ол бұйрық лайықты орындалады. Көп ұзамай Александрия қаласы үшін алапат шайқасқа қатысады. Үш күндік теке-тірестен кейін қаланы жаудан тазартып, оның арғы бетіндегі немістер бекінген темір жол стансасын алуға аттанады. Міне, сол жорықта Керімқұл ауыр жараланады. Дала госпиталінде лайықты ем ала алмайтын болған соң, көптеген жанашыр жандардың көмегімен одан әрі пойызбен Барнаул қаласынан бір-ақ шығады. Тылдағы госпитальда жамбасқа қадалған оқты алып, екі ай емдеп, таяққа сүйеніп жүре алатын болғанда, қасына медбике қосып беріп, екінші дәрежелі мүгедектікпен елге қайтарады. Бұл 1944 жылдың ақпан айы болатын.
І дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері, бүгінде тоқсаннан асқан қария тағдырына риза.
М.Қарабаев