МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР

0

Механизатор – ауылды жерде ең басты мамандықтардың бірі саналады. Алқаптар мен фермалардағы техника уақытысында ретке келтіріп, жұмыс жасауы осы маманның қолында, оның жылдамдығы барлық ауыл шаруашылық жұмыстарына ықпал етеді.

Александр Генрихтың әрбір жұмыс күні мереке сияқты. Бала күнінде оның отбасы Ноғайбай ауылдық округіндегі таудың етегінде орналасқан Сарыбастау ауылына көшіп келген. Мамандығы бойынша токарь болған әкесі қолынан келмейтіні жоқ шебер болатын. Техниканың тілін біліп, үлгі-өнеге болған әкесі Александрды бала күнінен еңбекке баулып, дәнекерлеу ісінің қыр-сырын үйреткен. Сегізінші сыныпта ол комбайнды басқарып, астық жинау жұмысына араласып кеткен. Болашақ мамандығына қызығушылық сол кезде басталған.
Мектепті аяқтағаннан кейін Александр мерзімді әскери қызметке шақырылып, Отан алдындағы борышын абыройымен атқарып, туған жеріне оралады. Келе салып ол комбайнмен астық жинауға кірісіп кеткен. Таң азаннан кеш батқанға дейін егістікте жүретін ол жұмысын жақсы көреді. Аудан, тіпті облыс бойынша ауылшаруашылық өндірісінің үздігі 2002 жылдан бастап «Алтын дән» ШҚ механизаторы жұмысын атқарады.
Еңбекқорлық, ұқыптылық, сеніп тапсырылған техниканы ұқыпты ұстау – оның басты қасиеттері, бұл қасиеттерді ол балаларының бойына сіңіріп, тәрбиелеуде. Александр машина құру және агротехника саласында мамандандырылған әдебиетті көп оқып, зерделейтін ол оқыған-тоқығанын жастарға үйреткеннен жалықпайды.
Ауылда демалатын уақыт жоқ. Алқапта болмаса, үйде жұмыс табылады. Егістікті қоректендіру, ылғалды сақтау, тыңайтқыш салу, жер жырту, астық жинау… Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Шаруаның бәрін уақытылы жасау қажет. Ал, күз бен қыстай техника жаңа маусымға дайындалады. Үй шаруашылығында да бәрі орын-орнына қойылған, реттілік пен ұқыптылық бірден байқалады. Шаруаның айтуынша, қиын болғанымен, басқа салада өзін елестете алмайды.
«Жұмысыңды жақсы көріп, одан ләззат алсаң, қиындықтар байқалмайды», — дейді кейіпкеріміз.
Мамандығына адалдығы үшін өндіріс озаты Александр Генрих түрлі грамоталармен марапатталып, тіпті 1987 жылы «ВАЗ-2106» автокөлігін иеленген.
«Ешкімге жамандық жасама, жақсылық жаса, ол еселеніп қайтады» деген қағиданы ұстанған Александр оның дұрыстығына көзі жеткен –ауылдастары, әріптестері оны сыйлап, қиын сәтте қол ұштарын созуға дайын.
Айта кетсек, ол ауылшаруашылық техникаға ғана емес, кез-келген тұрмыстық техниканы жөндеуді де жақсы біледі.
Шаруадан қолы босай қалса ол техникадан арнайы әдебиет оқып, аңшылық пен балық аулауға шығып, ауылдық саябақта ағаш отырғызып, оларды күтіп-бағумен айналысады. -Табиғатқа тең келер ештеңе жоқ. Комбайнды басқара отырып, жан-жағыма қарап, қоршаған табиғаттың сұлулығына көзім тоймайды. Менің ұрпақтарым да осының бәрін бағаласа екен деген тілегім бар. Сондай болатынына сенемін, — дейді майталман механизатор.

Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.