«МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ»

0

Әлжан ана ауылында орналасқан «Рамазан» шаруа қожалығы Қордай ауданындағы ең ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. 2014 жылы негізі қаланған бұл агроқұрылым мал және егін шаруашылығымен тұрақты айналысып келеді.

Қожалықтың жетекшісі Талғат Мұсаев, өз ісін өсімдік шаруашылығынан бастап, кейіннен мал өсіру саласына да аяқ басып, бүгінгі таңда осы екі бағытты бірдей дөңгелетіп отыр. Оның жетекшілігімен қожалық мал шаруашылығында да, егін шаруашылығында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Бүгінде қожалықтың иелігінде 150 бас бұқа, 20 бас жылқы, 750 қой бар.

«Мал–баққанға бітеді» деген аталы сөз бар халқымызда. Қазір байқап қарайтын болсақ, көптеген жан береке малда екенін ұғынып келе жатқандай.

Кейіпкеріміздің айтуынша, биыл 35 гектар егіндік алқабына жүгері мен жоңышқа сепкен.

«Біз өзіміз жүгері, жоңышқа өсіріп, бордақыланған малымызға мал азығын тауып берудеміз. Бордақыланған мал етін көбінде Алматы қаласындағы базарларға саудалаймыз. Әзірге екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын», — деп атап өтті ол.

Ауыл шаруашылығы саласында табыстарға жету мемлекеттің қолдауына да байланысты екендігі белгілі. Талғат Мұсаев мемлекет тарапынан берілетін түрлі қолдауларды да тиімді пайдалана білуде. Қожалық сол қолдаулар арқасында ауыл шаруашылығы техникаларымен де қамтылған.

Талғат мырзаның ұстанымы – мал және егін шаруашылығында экология мен экономика арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

«Қазіргі уақытта жұмыс жасап, тұрмыс түзеймін деген жандарға мүмкіндіктер толып жатыр. Осы төрт түліктің арқасында отбасымды асыраудамын. Өзіне сенімді, қолға алған кәсібін одан әрі дөңгелетіп кете аламын деген жандарға мемлекеттің де көрсетер шарапаты мол», — дейді Талғат Оспанқұлұлы.

«Рамазан» шаруа қожалығы тек табысты кәсіпорын ғана емес, сондай-ақ Қордай ауданындағы ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және аймақтың тұрақты дамуына үлесін қосып келе жатқан маңызды құрылым болып табылады.

Күні-түні аянбай еңбек етіп, еңбекқорлығымен ел аузында жүрген Талғат Оспанқұлұлының берекелі ісіне біз де сәттілік тілейміз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.