«Ауыл аманаты» жобасы кәсіп ашып, ісін дөңгелетем деген қордайлықтарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ауданда бұл жоба аясында бірнеше ауылдық округ тұрғындары жеңілдетілген несие алып, ауыл шаруашылығына қатысты кәсіп түрлерін игеруде.
Сол округтің бірі Кенен ауылдық округінде 2023-2024 жылдары жобаның екінші бағыты бойынша (мал шаруашылығы) 75 адам 349 млн. теңгеге келісімшартқа отырып, несиелерін толығымен алды. Төртінші бағыт бойынша «Кенен Береке» ӨК қажетті жабдықтармен қамтамасыздандыру үшін 53.8 млн. теңгеге 9 бірлік әртүрлі техника сатып алынды. Бесінші бағыт бойынша (өз кәсібін ашу) құс шаруашылығына 4 адам 34,4 млн. теңге несие алып, іске асырылды.
Жоба берген мүмкіндіктердің арқасында ауыл тұрғындарының ауласына мал бітіп, табысы арта бастады. Сондай азаматтың бірі – Рысқұлбек Ағыбаев. Жоба туралы ақпаратты ести салып, тәуекелге барып, несие алған ол бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Үйін кепілдікке қойып, 4 млн. теңге несие алған Рысқұлбек Ағыбаев сатып алған саулықтардан қозы алып, мал санын көбейтіп үлгерген.
— Өзім ата кәсіп мал бағып жатқаннан кейін, ауыл шаруашылығына қатысты жұмысты дамытқым келді. Қорамызда азды-көп малымыз бар, сиыр ұстаймыз, күзде жылқы, ірі қара бордақылаймыз. Өткен жылы 4 млн. теңге несие алып, 64 бас саулық және жем-шөп сатып алдым. Биыл алғашқы төлдерін көрдім. Бәрінен несие шарттары қызықтырды. Бір жыл каникул берді, кейіннен жарты жыл сайын 500 мыңнан төлеп отырамын. Бұл өте тиімді – каникул кезінде малды көбейтіп алу мүмкіндігі бар. Яғни, мал көбею үшін уақыт керек емес пе? Ауылдағы тірлік осы, — дейді Рысқұлбек Ағыбаев.
Екі ұл бір қызды тәрбиелеп өсірген ол бүгінде немере сүйіп, оларды да еңбекке баулып отырған жайы бар.
Еркін ҚАТБЕКОВ