МАЛДЫБАЙ БИДІҢ КІШІ АНАСЫ ЖҰМАГҮЛ АНА ЖАЙЫНДА

0

Әйел – ана, ана – құдірет! Ұлтымыздың тірегі – алтын құрсақты аналар. Топқа түсер шешен-билерді де, жауға шабар батырларды да дүниеге әкелетін осы аналар. Тоғыз ай ана құрсағында жатқан бала шыр етіп дүниеге келісімен анасын іздейді, ананың ақ сүтімен қоректеніп, анасының тілінде тілі шығып, былдырлап алғашқы сөзін айтады. Ана туралы өлең-жырлардың, мақал-мәтелдердің көп болуы анаға деген баланың құрметі.

Ана туралы «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаңда ақ сүтін ақтай алмайсың», «Ананың сүті – нәр, баланың – тілі бал», «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы», «Бала – Ананың бауыр еті, көз нұры» т.б. көптеген мақал-мәтелдер бар. Әрине, бір мақала көлемінде ұлтымыздың, әлем халықтарының ана туралы мақал-мәтелдерін түзіп шығу мүмкін емес. Қазақтың анасы алдымен береке-бірліктің, ынтымақтың, бақ пен ырыстың нышаны болған. Атам қазақ есте жоқ ескі заманнан бері әйел баласына, қызына аса ерекше мейіріммен, ілтипатпен қараған. Оң жақта үкілеп, үлпілдетіп ұстап отыратын қызының ертең сүйген жар, асыл ана болатынын ескеріп, басқа үйдің табалдырығын аттағанда бейкүнә, періште қалпымен баруына қатты мән берген. Сөйте тұра, қызын бетінен қақпай, ерке қылып өсірген. Кішкентайынан ат құлағында ойнаған шабандоз, бес қаруын асынып жауға қаймықпай баратын батыр етіп баулып, өжет те жүректі болып өсуін қадағалаған. Тауып айтып, тұспалдап, жұмбақтап сөйлеу арқылы ауыздыға сөз бермейтін шешен де ақылды етіп тәрбиелеген. Төркініне келген қыз баланы төрге оздырған.

Тарих толқынында ақыл-парасатымен, тапқырлығы және батылдығымен, дуалы сөзі және дара өнерімен көзге түсіп, ұлтын сүйген, отбасы ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін бүгінгі күнге дейін ел жадында сақталған, ел анасы деңгейіне көтерілген асыл әжелеріміз бен дана қыз-келіншектеріміз көп болған. Олар сонау қиын-қыстау жаугершілік заманында елін қорғаса да, бір әулеттің киелі отын сөндірмеуді бәрінен маңыз тұтқан. Атап айтатын болсақ: Ұмай ана, Тұмар ана, Домалақ ана (ене), Алтыншаш ана, Қарашаш ана, Абақ ана, Қызай ана, Мұрын ана, Әлеуке ана, Қасқарау ана, Нұрбике ана мен Айғаным, Зере әжелеріміз, батыр қыздарымыз Мәншүк пен Әлия, күйші Дина апамыз, дүлділ ақын апаларымыз Сара, Нұрила, дүние жүзін өнерімен тәнті еткен Күләш Байсейтова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Шара Жиенқұлова апаларымыз, кешегі ақиық ақын Мұқағали: «…шаң басқан архивтерден табылармыз» – деп жырлап өткен Фариза Оңғарсынованы және тағы басқа аналарымызды айтуға болады.

Қазақтың сайын даласы жоғарыдағы аты аталған нәзік жандылардан басқа да тұлғалардан кенде болмаған. Солардың ішінде Қордай топырағында дүниеге келіп, аттары тарихта қалған – Жұмагүл апамыз, Әсел анамыз, Ақмай әжеміз, төкпе ақын апаларымыз: Байқалмаққызы Әлмен мен Сұлтанғазықызы Шәрбәнә апаларымыз, қазақ поэзиясының алыптарының бірі, Мұқағалимен үзеңгілес болған Рза Қунақова, әйелден шыққан қазақтың тұңғыш министрі – Балжан Бөлтірікова, жастарға үлгі-өнеге болып жүрген ақын – Анаркүл Ыдырысқызы және қордайлықтар мақтан тұтатын Халықаралық, Республикалық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері аудандық мәдениет үйінің директоры өрелі ақын Сарсенбаева Күмісай Егіншіқызы және тағы басқалар. Қазақтың ақиық ақыны Кененнен кейін қазақтың қара домбырасымен айтысқа түсіп жүрген қордайлық ақын осы Күмісай.

ХVIII ғасырда Қордай өңірінде өмір сүрген данагөй аналарымыздың бірі, бірегейі – Жұмагүл. Қордай, Қасық, Ноғайбай ауылдарында және басқа да елді мекендерде Жұмагүл апаның ұрпақтары тұрып, еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Әлжан ана ауылындағы 80 жастағы Майке Көпішұлының дерегіне сүйенсек, Жұмагүлдер үш ата – Байсымақ, Бисымақ және Итемір. Яғни, Сырымбеттің немересі Тауасардың кіші әйелі Жұмагүлден туған ұлдар. Жұмагүл атану тарихына келетін болсақ, анамыз ақыл-парасатына көркі сай, шешендігі мен батырлығы да бойында бар жан болыпты. Қалмақпен соғысқан жаугершілік заманында Тауасар атамыз Жаныс Сеңкібай, Шойбек және әкесі Өтеп пен әкесінің ағасы Өтеген батырмен бірге елін жаудан қорғауға аттанады. Ол заманда Тауасардың әйелдері ат жалын тартып мінер еркек кіндіктілер елін қорғауға аттанғандықтан күре жолдың бойынан алысырақ тауға қарай көше бастайды.Жұмагүл апамыз көрсек көріп алдым жауыңды деп үш баласымен «Қарұшықта» қозғалмай қалады… (қазіргі кездегі Ақжайық кафесінің маңы). Балаларымен бірге биесін сауып, күбісін пісіп алаңдамай отыра береді. Жолаушылап келе жатқандар Жұмагүл апаның қолынан сусынын ішіп кете барады. Риза болған қонақтар, асық ойнап жатқан үш баладан «кімнің баласысыңдар?» – дейді. сонда жаугершілікке кеткен әкесін есіне түсіре алмаған баланың кішісі «Жұмагүлдің балаларымыз», – деп жауап береді. Жұмагүл ана балаларын қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қанша қиыншылық көріп жатсада әкелері жаудан келгенше аман-есен тәрбиелеп өсіреді. Сөйтіп, ары-бері жүрген жолаушылар «Жұмагүлдікіне барып сусын ішейік» – деп ат басын осы үйге тірейді екен.

МАЛДЫБАЙ БИДІҢ АҚЫЛШЫСЫ ЖҰМАГҮЛ АНА

Тауасар батырдың екінші әйелі бола тұра, өзінің табиғатынан ерекше салиқалы, байсалды қасиеттерінің арқасында аса жоғары сенімге ие болған Ана. Тауасардың бәйбішесінен туған ұл-қыздарға да бас-көз болып, ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Себебі, Тауасардың бірінші әйелі Жекеапар ерте қайтыс болып, балалар тәрбиесіне Жұмакүл апаның толық араласқаны сондықтан. Әсіресе, үш жүздің мәті биі атанған Малдыбайдың жас кезіндегі қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мәселелердi бабымен шешуге көмектескен. Аты қазақ-қырғызға танымал бола бастаған Малдыбай би мен бауыры Қонысбайдың Абылайдың соңғы жорығына баруына әсер еткен ана. Дегенмен, қаншама қазақ-қырғызға өзінің «қара қылды қақ жарған» әділдігімен аты жайылса да кіші анасының аулына ат басын тіреп ақыл-кеңесін алған. Кіші анасының айтқан ақыл-кеңестері қашанда діттеген жеріне дөп тиетіндіктен кейбір шешімі қиын күрделі мәселелерді шешуде де оған жүгінетін. Тарих толқынына көз жүгіртетін болсақ, Ұлы тұлғалардың өзі анасын құрмет тұтқан, аяғына бас ұрған, ақыл-кеңес алатын. Жарты әлемді дүр сілкіндірген Шыңғысханның өзі анасымен санасып отырған.

Сол сияқты Малдыбай бидің тарихқа аты жазылып, үлкен тұлға болып қалыптасуына атсалысқан бірегей аналардың бірі.

Сондықтан ел iшiнде қадірі артқан анаға халқы мәртебелі, парасатты «Жұмагүл ана» атағын сыйлаған, есімі тарихта қалған.

ТӨЛЕ БИДІҢ СЫНАУЫ

Жұмакүлдің құдай қосқан жан-жары Тауасардың әкесі Өтеп те бекер адам болмаған, жасы келіп қалса да қалмаққа қарсы соғыста аянбай еңбек етеді. қолына найзасын ұстап жауға шауып жүген кезі болса керек. Ақыл-парасатымен елге аты кеңінен жайыла бастаған келіні төренің қызы Жұмагүлді сынатпақшы болады. Ол кезде жаугершілік заманы, Төле бидің ел басқарып жүрген кезі, қолы бірде босаса, бірде босамайды. Сол бір қолы қалт еткен тұста Төле биге келіп, келіні Жұмагүлді сынап беруін өтінеді. Таңертеңгілік шай үстінде отырған биге келіні Жұмагүлді алып кіреді. Инабаттылықпен иіліп сәлемін салып, төменірек жайғасқан оған зейінін сала қарап, біраз ойланыңқырап Төле би былай деген екен: «Көкке тіреу не болар? Көлге піспек не болар? Терісін теспей етін сорған не болар? Жілігін шақпай, майын сорған не болар?» Сонда қолма-қол жүзін көтермеген бойда Жұмагүл ана: «Көкке тіреу аспандағы күн болар, Айдын көлге піспек, соққан жел болар, Терісін теспей етін сорса, қара нарды қалтыратқан қаңтар ғой. Жілігін шақпай майын сорса, екі ағайынды қаңтар-ақпан айы ғой» – деп жауап берген екен. Жауабына риза болған Төле би: «Қатарыңнан мойны озық туған жан екенсің, қосағыңмен қос ағар» – деп бата береді. Осыдан кейін Жұмагүл анамыздың аты одан сайын елге жайылып, даңқы арта түседі. Жан-жары Тауасарға қолғабысын тигізіп, балаларды тәрбиелеуге бар ынта-жігерімен кіріскен екен. Тауасардан тараған ұрпақтарына тең қарап ақыл-кеңестерін аямаған. Әсіресе, жастайынан ерекше зерек болып өскен Малдыбайға көңілі ауып, оның сондай биік дәреже «Мәті би» болуына ақыл-парасатымен, аналық мейірімімен атсалысқан.

ЖҰМАГҮЛ АНАНЫҢ БАРЫМТА БОЛҒАН ЖЫЛҚЫНЫ ҚАЙТАРУЫ

(Абдіразақ келіні Зураш Әбдімәлікқызының «Өмірдің жағасы бар» атты кітабынан)

Жұмагүл ананың атымен ру аталып кеткені жайлы төмендегідей аңыз бар. Шамамен алғанда 1730-1740 жылдары Тауасар Қоянды жәрмеңкесіне жол тартады. оған ары-берісі 1-1,5 ай уақыт кетеді екен. Әрине, ол кісінің қасына ауылдың бас көтерер адамдары ілесе барады. Ауылда жасөспірім бала-шаға, әйелдер ғана қалғанын пайдаланып, қырғыздың барымташылары Тауасардың бір үйір жылқысын айдап әкетеді. Балалары Малдыбай, Қонысбай, Қойлыбай, Киікбай (бәйбішеден туған) әлі жас болғандықтан қарсылық көрсете алмаса керек. Анамыздың отауы біршама жерде бөлек қоныстанған. Үлкен үйдегі у-шуды естіп шауып келіп, болған жағдайды естиді де, аттан түспестен барымта болған жылқының артынан қуып шығады. Үйір жылқыны айдаған қырғыз барымташыларын Шортөбе ауылының тұсында Шу өзенінен өткелі шоғырланып тұрған жерінде қуып жетіп, алдарын орайды. Әрине не айтқанын, қалай болғанын тек жорамалдауға болады. Әйтеуір, арттарынан қуып келген жас әйелдің батылдығына, айтқан сөзіне таңырқаған барымташылардың таудай болып шұбар атта отырған қолбасшысы Жұмагүлге: «Жоо болсун чектес тұрған эл казакта ушундай баатыр барма эле?» – деп таңдаған ол: «Ошол жилкидан бирин алыып калгыыла» – дейді. Көп ойланбастан Жұмагүл анамыз ақжаулығын шеше салып, есікпен төрдей болған ала айғырдың мойнына шылбыр етіп байлап, жайдақ қарғып мінеді де алды-артына қарамай шаба жөнеледі. Үстіне адам мініп көрмеген, шу асау ала айғыр да ешбір жатсынбастан жолға түсіп шаба береді. Қозы көш жерге келгенде тұра қалып кісінейді. Кісінеген ала айғырдың дауысынан Шу өзенінің аңғары жаңғырып ала жөнеледі, барымташылардың алдындағы жылқылар лап беріп кейін қарай қайтарыс бермей шаба жөнеледі. Барымташылар аң-таң болып жылқының артынан қумаққа оқталады, бірақ қырғыз ағайындардың басшысы «Осы жасыма дейін қаншама барымта жасап жүрмін, қуып келген әйел тегін адам болмады, енді кедергі жасамаңдар, кейін қайтыңдар» – деп тоқтатқан екен. Осы оқиғадан кейін Жұмагүл анамыздың аты Шу өзенін тел емген қазақ-қырғызға бірдей тарап кетіпті.

ЖҰМАГҮЛДІҢ ҰЛДАРЫ

Жұмагүлдің Байсымақ, Бисымақ, Итемір атты үш ұлы болған.Үшеуі де жастайынан Жұмагүл апамыздың ойынан шығып ақылдарына заты сай, үлгілі-өнегелі болып өсіпті. Итемірдің шын есімі Ерсымақ болған екен. Алла берген күш-қуатынан шығар жасынан өте қарулы болыпты. Ер Төстік сияқты бірге ойнаған балаларды шақ келтірмей мертіктіре береді. Бір жолы ойнап жүріп қатарлас бір досының қолын сындырып қойыпты, ойын баласы болғаннан кейін болып жатады да, бірақ қолы сынған баланың шешесі ашумен келіп қолындағы көсеуімен Ерсымақты ұрып жібереді. Оның ұрғанына көнбеген Ерсымақ бала әйелдің қолындағы көсеуін жұлып алып, ары бері бұрап, иіп тастайды. Ұрыс-керіс болғаннан кейін ауыл адамдары жиналып қалады. Баласының таяқ жегені бар, көсеуінен тағы айырылып, екі көзі шарасынан шыққан ызықор әйел: «Мына жүгермек, көсеуімді шыбық көрмеді ғой» – деп отыра кеткен деседі. Осы оқиға ел ішіне кең тарап, күші тасыған Ерсымақты «Итемір» атап кеткен екен.

ЖҰМАГҮЛ АНАМЫЗ

Өтепұлы Тауасар бабамыз Жұмагүл анамызға үйленгенде, жасы 50-ден асып кеткен кезі. Әуелі, Жұмагүл апамыз өзі Орта жүзде қоныстанған төренің қызы екен. Бәрімізге белгілі, Шыңғысханнан тараған төрелер қыздарын кез келген адамға бере бермеген.

Жұмагүл апамыз жасынан ерекше қасиеттерімен, даналығымен, көркем мінез-қылығымен және көрегендігімен көзге түскен деседі. Елдің айтқан сөздері біздің бабамызға жеткен. Осыған орай Тауасар атамыз өзінің немере ағасы Өтеғұлұлы Өтеген батырмен ақылдасып бас құда ретінде бірге жүруін өтінеді. Сонымен Сырымбеттер бірнеше адам болып төрелерге құда түсіп келеді. Сол кезде, атағы қазақ елінде аңызға айналған Өтеген батыр құда түсіп келді деп ел шулайды. Тауасар бабамыздың ұсынысын төрелер қабыл етіп, 17 жасар Жұмагүл анамызды әйелдікке береді. Сырымбет еліне құт болып келген Жұмагүл анамыздың есімі қырғыз-қазаққа кеңінен жайылады. Бар ынта-жігерін салып орасан еңбек етеді, ұлдарына кеңесші, ақылшы болғаны аңызға айналады.

Өтепұлы Тауасар бабамыз Қасқарау елін билеген. Бірінші Жоңғар шапқыншылығы кезінде (1723 ж.) Қасқарау елінің Сырымбеттер туын көтеріп, қол астына ел-жұртты жинап жоңғарларға төтеп беріп, өздеріне қарсы шыққан. Сырымбет бабамыздан тараған әке, көкелері – Өтеғұл, Өтеп, Аңдақұл, Ырысқұл, Жылқыайдар, Тәңірқұлдар біраз жасқа келіп, ал немере ағасы Өтеген жаһан кезіп жүрген кезі еді. Бүкіл ғұмырын аттың үстінде өткізген бабамыз, жоңғарлардан жерімізді азат етуге арнаған.

Шамасы 93 жасында қайтыс болған (1701-1794 жж.). Қазақтың салты бойынша Бисымақты қара шаңырақ сайлап, сол отауға туын тігуді аманаттайды. Тауасар бабамыздың балалары Малдыбай, Қонысбай, Киікбай, Қойлыбай, Итемір, Байсымақ таң атысымен баба өсиеті бойынша туын Бисымақ атамыздың шаңырағына тігеді. Жұмагүл анамыздан Итемір, Байсымақ, Бисымақ туған. Өмірінің бәріне дерлік жаугершілікпен өткізген әкесі Тауасарды Бисымақ көрмеген еді. Содан Бисымақ ашуланып «Өмір бойы көрмеген әкемнің бетін өлгенде көрдім» – деп, тіккен туын алып тізесімен қақ бөліп сындырып тастайды. Сонда Жұмагүл анамыз: «Қап-ай, бекер қылдың ғой балам. Ол туымен бірге саған және ұрпақтарыңа билігін, байлығын және барша жақсылығын өсиет (аманат) еткен еді. Енді үрім-бұтағың жеті атаға дейін билікке араласпайды», – дейді.

(Тауасардың жетінші ұрпағы Исахан Есімұлының естелігінен)

Жандарбек ҚАРАБАСОВ, тарихшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.