Егеменді ел болып етек жеңімізді жинап, әлем көшінің бел ортасында келе жатқанымызға да отыз үш жылға аяқ басты. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тірілген қазақпыз». Осы Ұлы көште қазақ сахарасында небір саңлақтар өмір сүрді. Солардың бірі, бірегейі – Дәулетбақ би. Ол аузымен құс тістеген, үш жүздің басы қосылған кезде мәті би сайланып, есімі Қасқарауға ұран болған, Абылай ханмен бірге қырғыздың Садыр батырына қарсы аттанып, «Жайыл» қырғынына қатысқан атақты «қара қылды қақ жарған» Малдыбай бидің туған немересі. Ал, Дәулатбақтың кіндігінен тараған Ноғайбай би Қордай өңірінің халқына етене таныс екені аян. Абай ақынды Абай қылған өсіп-өнген ортасы мен әкесі Құнанбай десек, Ноғайбай шешенді де қазақтың қара домалақ баласынан қырғыз-қазаққа танымал тұлға еткен халқы мен әкесі Дәулетбақтың зор ықпалы болды.
Кешегі Кеңес үкіметінің идеологиясының арқасында Дәулетбақ сияқты саңлақтарымызды бай дедік, үстем таптың өкілі жау дедік, жайдақ атқа теріс мінгізіп атой салдық. Себебі, бай-бағлан, би-болыстарды халыққа құбыжық қылып көрсеттік. Оларды қара халықтың қанын сүліктей сорған қанаушы тап өкілі, олардан ешқандай игі-жақсылықтың шығуы мүмкін емес — деген қағиданы санамызға сіңірдік.
Шүкір, егемендігіміз бен көк байрағымыздың желбіреуінің арқасында сең сөгіліп, өткен тарихымызды зерделейтін дәрежеге жеттік. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында: «Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік» — деуінің өзінде көп мән-мағына жатыр. Өткен тарихымыздың терезесінен сығалайтын болсақ, Дәулетбақ сынды тұлғаларымыз алмағайып заманда өмір сүрді. Атап айтатын болсақ, ХІХ ғасырда Ұлы жүз жерінің оңтүстігі Жетісу өлкесін жара өтетін Іле өзенінің сол жағалауына дейінгі бөлігі Қоқан хандығының билігінде еді. Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына шыдамаған қырғыз-қазақтар әр жерде қарсылық көрсете бастайды. Ал, екінші жағынан ақ патша қазақ жерінің солтүстік шекарасына шептер мен бекіністер тізбегін салып, батыс, солтүстік, шығыс жақ беттерін қоршауға алып, қазақ даласындағы Кіші жүз бен Орта жүзді өзіне қаратып үлгерген еді. Орыс патшасының көкейін тескен ендігі арманы — Ұлы жүзді өзіне қарату, Жетісуға бет алған жорығының алдыңғы шебі Аягөзден ары қарай Жетісу өңіріне ішкерлей еніп, бекіністер салу, сонымен бірге Алатау бөктеріне аяқ іліндіруді мақсат етіп қойып, қазақ жерін түгел өзіне қарату үшін Қоқан хандығын ығыстыруға жол ашып, жергілікті қазақтар арасында өзінің саяси билігін нығайту болатын. Соның арқасында ірі Қапал, Верный бекіністері, көптеген кішігірім станицалар салынып, орыс-казактары көшіп келе бастайды. Ұлы жүз қазақтарының Ресей бодандығына өту кезеңі басталады.
Жетісуға бекініп алған Ресей әкімшілігі бодандығына өткен жергілікті халықтың би, сұлтандарына бар талаптарын орындату үшін, олармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Барша амал-тәсілдерін қолданады.
Малдыбай тегі Даулетбақ би басқада жергілікті атқамінерлермен қоса басында «өз мұсылманым» деп Қоқан хан жағына болысады, бірақ хандықтың ішкі жанжалы, сонымен бірге әртүрлі сылтаумен салықты көбейтуі, халықтың ашу-ызасын келтіруі, көнбегендерге зорлық-зомбылық көрсетуі, екінші жағы ақ патша генералы Колпаковскийдің жүргізген саясатының (жергілікті халықтың атқамінерлеріне өз жағына өтуін үгіттеп хат жолдайды, бірін-біріне айдап салады) арқасында Ресей әскерінің жағына шығады. Сөйтіп, Дәулетбақ бидің билікке араласқан кезі қазақ даласының Ресей империясының қанды шеңгеліне біржолата өтіп, өктемдігі артып тұрған тұсқа тура келеді. Бұл кезде Ресей әскерінің Верный бекінісін салып, Алатау бөктеріне нық орнығып алғаннан кейін, әскери күшін молайтып, Шу бойына дейінгі аралықты қоқандықтардан азат етіп, Орта Азияға жол ашу үшін Шу сыртқы өңірін өзіне қаратуды көздейді.1859 жылы Г.А. Колпаковскийдің бұйыруымен Шу бойын топографиялап, картаға түсіреміз, зерттеу жұмысын жүргіземіз деген мәселені алға тартып, Шу алқабын барлап, сол өлкені өзіне қаратудың жай-жапсарын қарастыру үшін әскери экспедиция аттандырады. Ресейдің саясатын жүргізуге бұл жұмыстың пайдасы зор. Өйткені, Колпаковский Қоқан иелігіндегі Пішпек, Тоқмақ қамалдарының маңына шолу жасау арқылы Қазақстанның оңтүстік аймағын отарлауды алға мақсат етіп қойған болатын. Жергілікті атқамінер болғандықтан Дәулетбақ биде оның ұлы Ноғайбай да бұл аталмыш экпедицияға көмектесуге мәжбүр болған еді.
Генерал Колпаковский қазақтың сұлтандары мен Дәулетбақ би сияқты беделді билердің ықпалын пайдаланып, халық сеніміне кіріп, экспедиция жұмысына қажетті азық-түлік, мініс ат, жүк тасымалдауға түйелерін, ал жұмыс күшіне жігіттерін пайдаланады.
Орыс әскерінің Шу бойына жорыққа дайындалып жатқаны Қоқан ханы Құдиярға да жетеді. Сондықтан 1860 жылы Рүстембек паруаншы және Әлішер, Атабек датқалар басшылық еткен 3000-дай Қоқан әскері Верный бекінісіне қарай аттанып кетеді. Олар Қастек бекінісінің батыс жағындағы 35 шақырымдай жердегі «Бұғымүйіз» деген жерге орналасады, алғашқы қақтығыс 3 шілде күні «Жиренайғыр» өзенінің маңында болады. 9-10 шілде күні Қоқан әскері Қастек бекінісіне шабуыл жасайды. Алайда, 5 шілде күні түнделетіп шыққан полковник А.Э. Циммерман 6 июльде Қастек бекінісіндегілерге көмекке келіп үлгереді. Екі арадағы шайқас нәтижесінде-қоқандықтар Шуға қарай шегінуге мәжбүр болады. Одан әрі Циммерман жасағы тамыз айында Шу бойына келіп Тоқмақ, Пішпек бекінісін басып алу жорығына шығады. Сөйтіп олар 1860 жылы 28 тамызда Тоқмақ бекінісін, 4-қыркүйекте Пішпекті басып алады, 627 адам қолға түседі. Пішпек бекінісі жермен-жексен етіліп талқандалады.
Көп ұзамай орыс әскері Меркіні алады.1864 жылы генерал Черняев бастаған орыс әскері келіп Әулиета шаҺарын Қоқан хандығынан азат етеді. Қоқандықтарға жақ болды деген сылтаумен жергілікті халықты көп қырғынға ұшыратады
1865 жылы Ұлы жүз қазақтары патша қол астына өткеннен соң, патша өкіметі қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру мақсатымен, қазақтарды басқарудың бұрынғы жүйесін толығымен өзгертіп, бұл өлкені өзінің әкімшілік жүйесіне енгізу шараларына кірісіп кетеді.1865 жылы патша үкімімен қазақ даласы мен Түркістан өлкесіне ерекше Дала Комисссиясы шығарылып, Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлауға кіріседі. Жаңа әкімшілік жүйе енгізу қарсаңында Ұлы жүз қазақтарын руластық негізде ауылдарға және болыстықтарға бөле бастайды. Бұдан кейін де бірнеше мәрте реформа жасайды. Сөйтіп, Жетісу өлкесіндегі жасалған әкімшілік-аумақтық реформаға сәйкес, қазақ ауылдарының руластық негізінде 22 болыстық құрылады.
Мұрағат деректеріне қарағанда, 1863-1865 жылдары Верныйдан шықан Черняев бастаған орыс әскерлері Шу бойы мен Әулиеата, Шымкент, Сайрам қалаларын, Перовскіден шыққан орыс әскерлерімен бірігіп,Ташкент, Шымқорған, Жөлек бекіністерін басып алады. Нәтижесінде, жаңадан басып алған Ыстықкөл, Шу сырты мен Сырдария тізбегін қосу арқылы оңтүстік аймақта Түркістан облысы құрылады. Ұлы жүз қазақтары толықтай Ресейдің қол астына өтеді.
Сол кездерде көмек көрсеткендердің бірі -Малдыбаев Дәулетбақ Тілеуліұлына 1865 жылы Жетісу облысының Генерал-губернаторының бұйрығымен 21-реттегі тізім бойынша 3-дәрежелі шапан (кафтан) беріп марапатталады.(ҚРОММ. 44 қор, 1 тізбе,47-іс) Тағы бір деректерде Дәулетбақ би Дулаттың бір топ игі-жақсыларымен бірге 1845 жылдың күзінде Іле өзенінің бойына келіп қоныстанған Кенесары ханға барып аман-саулық сұрасады, делінген.
Жақында қазақтың бір ерен тұлғасы, саналы ғұмырын ұлтының өсіп-өнуіне арнаған Дәулетбақ биді еске алу іс-шарасы өтті. Аудан әкімінің бастамасымен өткен игі шараға Баратқанов Насибиден, Мүсілімов Бақытбек, Болатқұлов Трудовик және дүнген этно-мәдени орталығының азаматтары атсалысты. 22 қазан күні Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Ауқатты ауылдық округінің аумағындағы «Рисполеде» Дәулетбақ биге ескерткіш тас орнатылған болатын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні : «Өткеніңді білмей, болашағыңды бағымдай алмайсың» деген тәмсіл, аталы сөзді ұғынып келер ұрпаққа қатпарлы тарихымыздағы ерен тұлғаларды паш ету бізге парыз демекпін!
Жандарбек Қарабасов, Алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі