МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШҚА АЙНАЛҒАН

0

Біз білім беру реформалары, мектепті замануи тұрғыдан қабылдау, түсіну турасында білім беру мекемесінің директоры Еміл Ноғайұлы Жайықбаевтан сұхбат алдық.
Мектеп қабырғасынан мұғалім болуды армандаған Еміл Жайықбаев бұл мамандықты жанымен таңдаған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бағытын таңдауда да күмән болған жоқ. Педагогикалық жұмыс өтілі 22 жылды құраса да, алғашқы сабағын есіне түсіргенде толқып кетеді. Оның айтуынша, сыныпқа бірінші рет кіріп, қызығушылықпен қарап отырған оншақты баланы көру ұмытылмайтын әсер қалдырған. Жаңылысуға болмайды, әлсіз тұстар мен батылсыздықты көрсетсең шаруа бітті дей бер.
Еміл Жайықбаев педагогикалық қызметін №13 Масаншы ауылдық орта мектебінде бастаған. Бірнеше жыл бойы директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болған. 2021 жылы №17 Сортөбе ауылдық орта мектебіне директор болып тағайындалған. Әріптестері арасында Жайықбаев жаңашыл ретінде танылған, ол мектепте жаңалық енгізіп, мемлекеттік тілді үйрету сабақтарын сахналандырылған көрініске айналдырады екен.
-Еміл Ноғайұлы, ұжымды басқарып келе жатқаныңызға көп уақыт болған жоқ. Жаңа буын мектебі туралы пікіріңіз қандай?
-Біздің ұжымда тұрақты, жұмысқа қабілетті, жоғары білікті, пікірлестер жиналған. Әр оқу жылы қызықты оқиғаларымен есте қалады.
-Оқушылар мен педагогтардың мемлекеттік тілін игеру қамын ойлап, бұл бағытта көп еңбектенетініңізді білеміз. Мектепте қандай өзгерістер орын алды және қандай жоспарлар бар?
-Біздің басты міндет – білім сапасын арттыру. Бүгінгі күнге оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар саны ұлғайды. Бұрын олар мектеп бойынша небәрі екеу-ақ болса, бүгін 15-ке жетті. Бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Біртіндеп мектептің қазақ тілді болуына келеміз. Мектептегі қазақ тілі пәнінің мұғалімдері негізгі сағаттарынан басқа, мемлекеттік тілді өз әріптестеріне үйретеді. Одан басқа, тұрақты түрде негізгі тақырыбы қазақ тілін үйретуге арналған фестиваль, семинарлар өткізіліп тұрады.
Мектебіміз теннисші, волейболшыларымен өзін-өзі танытқан. Мұғалімдер де, оқушылар да, ауданда ғана емес, республикалық деңгейде топ жарып, жүлделі орындарға ие болады. Келесі жылы мектепті спорттық бағытта нығайтуды жоспарлаудамыз. Мектеп түлектері мен жанашыр жерлестеріміздің қолдауымен спорттық құрал-жабдық санын ұлғайту, мекеме жанында спорттық іс-шара өткізу жоспарда бар.
-Балалардың патриоттық тәрбиесі бағытында қандай шаралар қолға алынуда?
— Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді білу мен құрметтеуден басталатыны анық. Күн сайын бірінші сабақ басталар алдында балалар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.
Патриоттық тәрбие заманауи білім берудің маңызды құраушы бөлігі болып табылады. Қазіргі таңда мектеп тіршілігін буындар сабақтастығы, мәдени-этникалық ортаның бірегейлігі негізінде құрамыз. Мұражай мен кітапханамен бірігіп жұмыс атқарамыз, тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Мектепті аралап, патриоттық, өлкетану тақырыбында қолдан жасалған бұйымдар мен суреттерді көрсеңіз, мектептің тыныс-тірлігін бірден білесіз. Отанды, қоршаған ортаны сүюге, құрметтеуге баулу –біздің міндет. Отанымызды мақтан тұту үшін оны қорғап, аялау қажет.
-Сіздің пікіріңіз бойынша бүгінгі мектеп оқушылары кешегілерден ерекшеленеді ме?
-Әрине, заманауи оқушылар алдыңғы буынға қарағанда басқа. Қазіргі балалар- белсенді, сенімді, жан-жақты дамыған, шығармашыл. Бүгін әлем қарыштап дамып келеді, біз, ересектер өзгерістерге ілесе алмай, қадам басып үлгермей жатамыз. Ал жастарды ақпараттың ағынын тез ұғыну қабілеті ерекшелендіреді. Сабақта тақырыптық материал мен ауызша сұрақ-жауаптар жеткіліксіз болып табылады, балалар талдауға ұмтылып, қорытынды жасауды, өз пікірлерін қорғауды үйреніп, әртүрлі ақпарат көздерінен алынған ақпаратты қолданып, дауларға қатысып, топпен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Осындай жағдайда өткен сабақ қызық, және ең бастысы нәтижелі болады. Педагогтар сабақта заманауи білім беру технологияларын, жаңа құрал-жабдықты, бағдарламаларды қолдануға тырысады. Балалардың жұмыс дағдысын негізге алу маңызды болып табылады. Қазіргі таңда мұғалім сабақта білімнің қайнар көзі ғана емес, балаларды жеке немесе топта ақпаратпен жұмыс істеу не оны жинауға бағыт көрсететін адам болып табылады.
-Бүгінгі күні заманауи мұғалім қандай?
-Көбіне барлығы адамның қасиетіне байланысты. Мұғалім мамандық емес, бұл өмір салты. Ілгерілеусіз бір орында тұра беретініміз анық, дегенмен, ең бастысы – ішкі толыққандық, мазмұн.
Педагогтың бастамашылдығы өзінің кәсіби тұрғыдан жоғарлауына қажет. Мұғалім әрқашан түрлі әдістер мен тәсілдерді іздеу үстінде болу, ақпараттық және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру керек, дайын үлгі-тапсырмаларды бермей, білім беру процесін оқушы тұлға ретінде ашылатындай ұйымдастыруы қажет.
-Үздіктерді атап өтсеңіз?
— Қайталап кетейін, мектепте пікірлестер командасы жұмыс істейді. Бұл жаңалықтар мен өзгерістерді оңай қабылдай білетін білімді мамандар. Барлық туындаған сұрақтар сұхбат режимінде шешіледі. Педагогтарымыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Жеке бір мұғалімді атап өту мүмкін емес, десек те ұжымда оқушылар мен әріптестерінің арасында беделі зор тәжірибелі ұстаздар бар, олар Гащим Парса, Ахмед Цимер, Зина Ысқақова, Хадижа Көрпебаева, Айгүл Абданбаева, Нэби Кимуров, Ибрагим Щерба… Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Оған қоса, 93 педагогтың 15-і – мектеп түлектері. Былтырғы жылдың түлегі, «Алтын белгі» иегері ЖОО-на химия пәнінің мұғалімі мамандығына түсті. Туған мектепбіне мұғалім ретінде қайтып келетініне уәде берді. Бұл да мекемеміздің жұмыс көрсеткіші болар.
-Болашақта мектепті қалай елестетесіз?
-Мектебіміз гүлденіп, дамып, жақсара берсін. Және, әдеттегідей, ауылдың мәдени және зияткерлік өмірінің орталығы болып қала берсін.
-Сұхбатыңызға рахмет.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.