Қазақстан Республикасы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына күндізгі оқыту түрі бойынша орта білімі бар, он алты жасқа толған, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Оқуға қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (КТ) қорытындылары сертификаттарының балдарына сәйкес жүргізіледі.
Азаматтарды күндізгі оқу түрі бойынша оқуға қабылдау төрт кезеңнен тұрады:
Бірінші кезеңде қабылдау комиссиясы талапкерлердің жеке істерімен танысып, содан кейін ҰБТ немесе КТ нәтижесі бойынша іріктеу жүргізеді.
Екінші кезеңде медициналық және психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша оқуға түсуге денсаулығының жарамдылығын анықтау мақсатында іріктеу жүргізіледі.
Үшінші кезеңде талапкерлер бекітілген нормативтерге сәйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша келесі сынақтар тапсырады: бағанада тартылу, 100м жүгіру, 3000м жүгіру.
Төртінші кезеңде қабылдау комиссиясы курсанттар қатарына қабылдайды.
Академияға оқуға қабылдау медициналық, дене бітімі және психофизиологиялық көрсеткiштері бойынша іріктеу қорытындыларын ескере отырып, ҰБТ және КТ қорытындылары бойынша сертификат балдарына сәйкес конкурс бойынша жүргiзiледi.
Курсанттар қатарына қабылдау сайысын өткізу кезінде басым құқыққа мыналар ие:
1) «Алтын белгі» белгісімен марапатталған тұлғалар;
2) дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар тұлғалар;
3)жеңімпаздар:
— жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған);
— республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары;
— ағымдағы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары.
ҰБТ немесе КТ сертификаттары балдарының көрсеткiштерi бiрдей болған жағдайда, оқуға қабылдануға басым құқыққа ие:
— жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
-үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар тұлғалар.
Қ.ДҮЙСЕН, Қордай ауданы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау лейтенанты,
Н.ЖҰМАХАН, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының 4-ші курс курсанты