МАРДЫМДЫ ІС КӨП, ЖОСПАР ДА АЗ ЕМЕС

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың халық алдындағы есептік кездесуі Алға ауылында жалғасын тапты. Әкім есебін тыңдауға ауыл тұрғындары мектепке жиналды. Күн тәртібіне сәйкес алдымен ауылдық округ әкімі сөз алып, атқарылған жұмыстары жайында толыққанды мағлұмат берді. Құрамына Көгадыр және Мұзбел ауылдары кіретін округте мардымды тірлік көп, жоспар да аз емес.

Ауыл әкімі Берік Әбілдаев салықтардан түскен қаражатты қандай мақсаттарға жұмсалғанын толықтай баяндап берді. Мәселен, округтің қаражаты ауыл-аймақтың тазалығын қамтамасыз етуге, көшелерді жарықтандыруға және өзге де ауыл үшін қажетті мақсаттарға пайдаланған. Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін сөз кезегін алған Бегзат Болатбеков биылғы жылы округке бөлінген қаражат пен оның қандай мақсаттарға жұмсалатынын тізіп өтті. Мәселен, биыл Көгадыр ауылында балалар ойын алаңшасының құрылысы, Алға ауылындағы зираттарды қоршау, Мұзбел ауылына газ тарату жүйелерінің құрылысы жоспарланса, ауыз су құбырының құрылысы мемлекеттік сараптамадан өткен жағдайда қолға алынатын болады. Аудан әкімінің сөзінен белгілі болғандай, өткен жылғы есепті кездесуде тұрғындар көтерген спорт залдың құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжат жасалды, мақұлданған жағдайда спорт зал құрылысы да басталмақ. Жиында аудан әкімі жайылым жерлер ендігәрі ортақ пайдалануға берілетінін де атап өтті. Бұл жаңалықты тұрғындар ризашылықпен қабылдады. Сондай-ақ, алдағы жылдары Алға ауылында балаларға арналған жаздық лагерьдің құрылысы жоспарда бар екені айтылды.

Кезек сұрақ-жауапқа келгенде тұрғындар бірінші кезекте қиыршық тас өндіретін кәсіпорынның жұмысына шағымданды. Айта кетсек, «Тас Алға» ЖШС 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауданда қиыршық тас өндіретін кәсіпорын. Алғалықтардың айтуынша олардың өндірісінен ұшатын жағымсыз шаң-тозаң ауылға жетіп, залал әкелуде. Осы орайда, Бегзат Болатбеков тұрғындардың құзырлы органдарға шағымдану құқығы бар екенін атап өтті. Жиында ауыл тұрғыны өзінің 2-топ мүгедек екеніне байланысты газ қосуға жәрдемдесуді сұрады. Оның мәселесі оң шешімін тапты. Сонымен қатар, есепті кездесуде тұрғындар республикалық автожолдан оқушылардың өтуі қауіпті екені жайлы, көпір жөндеу, демалыс орны, электр желісі және жер мәселесі сынды проблемаларды көтерді. Әр сұрақ жауапсыз қалмады. Аудан әкімі егжей-тегжейлі жауабын беріп, ауылдық округтің, қала берді ауданның дамуы жолында жасалынатын үлкен жоспарлар жайлы әңгіме өрбітіп, бірқатар проблемалық мәселелерге де тоқталды.

Ауыл тұрғындары басшылықтың жұмысына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.