Марияның сырлы әлемі

0

Өнер адамға күш-қуат бере ала ма? Бұл сұрақтың жауабын қордайлық жас суретші Мария Щербинина жақсы біледі. Ол қылқаламды қолына алған кезде оның айналасындағы әлем өзгеріп, түстер мен ойлар әртүрлі, сиқырлы пішіндерге айналады.

Барлық атақты суретшілер сияқты Мария үнемі ізденіп жүреді. Ішкі қажеттілік, өзі үшін күрес, кейде тіпті өз-өзімен күресуге тура келеді.

Мария бала кезінен сурет салады және әрқашан шығармашылыққа жақын болған. Қыздың бойындағы қасиетті байқаған ата-анасы оның энергиясын дұрыс бағытқа бағыттауды ұйғарды. Осылайша, қыз сурет курстарына қатыса бастады. Одан кейін университетте өнер колледжі мен сәулет факультетінде білім алды. Оның өнерге деген махаббат хикаясы осылай басталған-ды. Өзінің бүгінгі өнері үшін ата-анасына алғысын жасырмайды. Суретші болу кәсіп емес, хобби деген жалпы пікірге қарамастан, олар қызының қызығушылығына қолдау көрсеткен еді.

Әрбір жаңа туындысы ата-ананың ерекше эмоциясын тудырады. Бұл сезімдер Машаға алға жылжуға және жаңа картиналар салуға күш береді.

Ол негізінен портреттер салады. Ол үшін әрбір адам өнер туындысы. Әрбір бұлшықеті, сыртқы келбеті және ең бастысы — мінезі. Барлығын жеткізе білу керек.

-Ал егер оның ішкі әлемін бейнелей алсаң, онда шедевр жасадым деп есептеуге болады, — дейді Мария.

Жас суретшінің осыған ұқсас туындылары өте көп. Олардың ішінде әжелерінің портреті ерекше жылулық сезімін оятады. Егде жастағы әйелдердің көздерінен сүйіспеншілік, нәзіктік пен жылулықты көруге болады. Дәл осы туындысын ол ең құнды деп айтады. Келешекте суретші қыз отбасының портретін салуды армандайды.

Мария нағыз суретші. Ол үшін түс басты рөл атқарады. Алдымен оның ойында бейне пайда болады, содан кейін бояулар қолданылады. Мұның бәрі оның көзқарасына байланысты, түстер неғұрлым ашық болса, бейне соғұрлым нәзік болады. Сызық, контраст, силуэт және көңіл-күй бірге жүруі керек.

Айтпақшы, Марияның туындылары қазірдің өзінде өнерсүйер қауым арасында таныла бастаған. Бүгінде ол тіпті тапсырыспен сурет салады. Ең алғашқы табысына тәттілер сатып алғанын айтады.

-Бірінші картинамды сатқанда өте ерекше сезімде болдым. Қуанышымда шек болмады. Еңбегіңнің бағаланғанын түсіну айрықша сезім, — дейді Мария.

Мария — өз заманының жарқын өкілі. Күн сайын ол жаңа нәрсені үйренеді және өз білімімен бөлісуге дайын.

Қыз әр жаңа күннен шабыт алады, ол әлем ерекше, тек соны көре білуді үйрену керек дейді. Марияның өзі адамның жан дүниесіне үңіле біледі, оның нәзік дауыс тембрі сенім ұялатады, мүмкін оның табысының сыры осында болар. Ішкі сұлулықты көрген өнерпаз оны қағаз бетіне бейнелей бастайды.

Кейіпкеріміз сурет салу процесін  ұнатады.

-Тек басқа кеңістікке ену арқылы ғана ең негізгіні көруге болады. Мұның еш қиындығы жоқ. Одан кейін образдар бірте-бірте қалыптасып, осылайша картина өмірге келеді, — дейді Мария.

Бойжеткен ерекше картина салуды жоспарлап жүр. Әзірге бұл жай ғана идея. Бірақ, бір нәрсе анық — ол ұлттық стильде болады деп ойластырып қойған. Шебердің ойында туған бейне әлі тек қою түстерден тұрады. Мария ең қарапайым бояуларды пайдаланады, бірақ оның жұмысына қарап таңданатының рас.

Барлығын егжей-тегжейлі зерттей келе, мен мұндай сұлулықты жасау үшін міндетті түрде талант керек деген қорытындыға келдім. Дегенмен, қыздың өзі бұл табандылық пен эмоцияларын жеткізуге деген ұмтылыс екеніне сенімді. Оның картиналары жылылыққа толы сияқты. Жас суретші, біз үшін бәрі оңай әрі түсінікті болып көрінетін, әрбір түйіршік пен бөлшектерді пайдаланып әлемді сезіне біледі. Ол тез және оңай ғажайып сурет салады. Картиналар оған күш беріп, еркіндік сезімін сыйлайтынын қыздың өзі мойындайды.

Әңгімелесіп отырғанымызда, суретші ару менің бейнемді қағаз бетіне қарындашпен санаулы минуттарда салып берді. Мария салған портрет менің ішкі күйімді жеткізіп, шынайы қалпымды көрсете білгендей. Және ол нағыз кәсіпқой сияқты, әрбір ұсақ-түйекті жеткізе білді…

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.