Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде варикоцелеге қарсы микрохирургиялық емдеудің заманауи әрі тиімді әдістерінің бірі — Мармар әдісі бойынша сәтті ота жасалды. Бұл жоғары технологиялы медициналық көмекті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Мармар әдісі варикоцелені емдеудегі «алтын стандарт» ретінде халықаралық деңгейде мойындалған. Бұл әдістің басты артықшылығы -жарақаттың аздығы, ота дәлдігінің жоғары болуы және асқынулардың сирек кездесуі. Хирургиялық араласу өте шағын кесік арқылы жасалады, ал микроскопиялық үлкейткіш құрылғының көмегімен зақымданған көктамырлар нақты анықталып, байланылады. Бұл ота лимфа тамырлары мен артерияларды зақымдамай орындауға мүмкіндік береді. Соның арқасында науқас тез оңалып, күнделікті өміріне ерте бейімделеді.
Мамандардың айтуынша, бұл әдісті аудандық деңгейде енгізу — дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, операциялық бөлімшені заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және облыстық денсаулық сақтау басқармасының жан-жақты қолдауына тікелей байланысты.
Қордай аудандық орталық ауруханасы хирургия саласын жүйелі түрде дамытып, заманауи әдістерді тәжірибеге енгізіп келеді. Бұрын тек облыс орталықтарында жасалатын күрделі оталар бүгінде аудан деңгейінде де сәтті жүзеге асырылып, әрбір пациентке сапалы әрі кәсіби көмек көрсетілуде.