Көктемнің шуағы жерге төгілісімен-ақ, нәсібін қара жерден терген диқан қауым үшін қарбалас кезең басталатыны белгілі. Бұл – табиғатпен үндесіп тіршілік ететін шаруалар үшін ең жауапты әрі үмітке толы шақ. Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында да көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр.
Өткен аптада ауылға арнайы барып, дала жұмыстарының барысымен танысып қайттық. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай еңбектеніп жүрген шаруалардың тіршілігі көз қуантады. Әсіресе, отбасымен жұмыла кіріскен еңбек көрінісі – ауылдың берекесі мен бірлігінің айқын дәлелі.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің деректеріне сүйенсек, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында 2026 жылы жоспар бойынша 104 972 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Жоспарланған егіс құрылымына сәйкес, дәнді және бұршақты дақылдар 66 222 гектар алқапты қамтиды. Оның ішінде бидай – 19 676 гектар, арпа – 35 646 гектар, ал жүгері – 10 900 гектар жерге орналастырылады. Бұдан бөлек, қант қызылшасы – 80 гектар, картоп – 3 000 гектар, мақсары – 200 гектар, көкөніс дақылдары – 3 720 гектар, ал мал азығы дақылдары – 31 400 гектар жерге егілмек.
Масаншы ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Есіркеповтің айтуынша, округте бүгінде 86 шаруа қожалығы тіркелген. Жергілікті тұрғындар жыл сайын егіс алқаптарын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды мақсат етіп келеді. Негізінен сарымсақ, пияз, картоп секілді сұранысқа ие көкөніс түрлері егіледі. Яғни, жоғарыда айтылғандай, аудан бойынша егілетін 3 000 гектар картоп пен 3 720 гектар көкөністің басым бөлігі осы аймақта өндіріледі.
«Көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Шаруалар қажетті тұқыммен және техникамен толық қамтамасыз етілген. Биыл да мол өнім алып, нарыққа сапалы өнім ұсынуды көздеп отырмыз», – дейді жергілікті шаруалар.
Расында, алқап басында еңбек етіп жүрген жандардың ісінен іскерлік пен тәжірибенің табы байқалады. Әр қатарға егілген дәннің артында маңдай тер мен үлкен үміт жатыр.
Масаншы диқандары жаз-күз айларында мол өнім алуды жоспарлап отыр. Жиналған өнімдер негізінен еліміздің ішкі нарығына жөнелтіледі. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларына жеткізіліп, халықты табиғи әрі сапалы көкөніспен қамтуға үлес қосады.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ