Масаншы алқаптарында қызу жұмыс
Көктемнің шуағы жерге төгілісімен-ақ, нәсібін қара жерден терген диқан қауым үшін қарбалас кезең басталатыны белгілі. Бұл – табиғатпен үндесіп тіршілік ететін шаруалар үшін ең жауапты әрі үмітке толы шақ. Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында да көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр.
Өткен аптада ауылға арнайы барып, дала жұмыстарының барысымен танысып қайттық. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай еңбектеніп жүрген шаруалардың тіршілігі көз қуантады. Әсіресе, отбасымен жұмыла кіріскен еңбек көрінісі – ауылдың берекесі мен бірлігінің дәлеліндей.
Масаншы ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Есіркеповтің айтуынша, округте бүгінде 86 шаруа қожалығы тіркелген. Жергілікті тұрғындар жыл сайын егіс алқаптарын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды мақсат етіп келеді. Негізінен сарымсақ, пияз, картоп секілді сұранысқа ие көкөніс түрлері егіледі.