МАСАНШЫДАҒЫ ПИЯЗ ҚОЙМАЛАРЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ

0

Қордай ауданы пияз өндіру бойынша облыс аясында ғана емес, республика көлемінде де жетекші орындардың бірін иеленіп келеді.

Күз мезгілінде егістік алқаптарында жиналатын қызыл пияз өнімдері – маңдай тердің, тынымсыз еңбектің айқын көрінісі.

Диқандардың айтуынша, пияз өсіру оңай шаруа емес. Мол өнім алу үшін ең алдымен тұрақты су көзі мен қолайлы ауа райы қажет. Тұқым себу кезеңінің өзі үлкен тәуекелмен байланысты. Соған қарамастан, бұл дақылдың экономикалық тиімділігі жоғары. Алайда өнімді өсірумен қатар, оны сақтау және тұтынушыға сапалы күйінде жеткізу де өз алдына күрделі мәселе. Ол үшін арнайы жабдықталған, талапқа сай қоймалардың маңызы зор.

Осы орайда Масаншы ауылында орналасқан «Раби» шаруа қожалығының тәжірибесі үлгі боларлық. Қазіргі таңда шаруашылықта жеті қойма тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның екеуі 2025 жылы пайдалануға берілген. Аталған қоймалардың жалпы сыйымдылығы шамамен 36 мың тонна пияз өнімін сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан мен Ресей бағытында сауда-саттық жүргізіліп, экспорттық жұмыстар қолға алынған.

«Қоймалар заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл өнімді үсітпей, бұзбай, ұзақ уақыт сақтауға жағдай жасайды. «Мұндай қоймалар экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Ең бастысы бәсекелестік қалыптастырады. Біздің мақсатымыз өнімді сапалы күйінде сақтап, тұтынушыға сол деңгейде жеткізу. Қойма болмаса, өнімді бірден өткізуге тура келер еді. Ал арнайы сақтау орны бар кезде, өнімді нарыққа кез келген уақытта шығаруға мүмкіндік туады», – дейді Масаншы ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Есіркепов.

Әдетте экспорт жұмыстары күн жылынған шақта, ақпан айының соңына қарай басталады. Биыл қыс мезгілінің жылы болуына байланысты экспорт ертерек қолға алынған. Негізгі өнім Ресей қалаларына жөнелтілуде.

Айта кету керек, Масаншы ауылындағы 107 шаруа қожалығы өз алқаптарынан жиналған пияз өнімдерін осы қоймаларға сақтауға қояды. Сонымен қатар жеке үй шаруашылықтарында да 50-100 тоннаға дейін өнім сақтайтын шағын қоймалар бар. Қазіргі таңда жеке қосалқы шаруашылықтардан күн сайын әрқайсысы 21 тоннадан тасымалдайтын 5-6 жүк көлігі жолға шығуда. Ал Масаншы аумағында жалпы сақтаулы пияз көлемі 246 500 тоннаға жетіп отыр.

Заманауи қоймалардың іске қосылуы диқандардың еңбегін ақтап, өнімнің ысырапсыз сақталуына және нарыққа тұрақты түрде шығарылуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, аудан экономикасының нығаюына оң ықпал етуде.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.