Масаншы ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімі Бегзат Болатбеков және ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Абзал Есіркеповтың 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы есептік кездесуі өтті. Шараға, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, полиция бастығы Бауыржан Үдергенов, аудандық бөлім-мекеме басшылары мен округ тұрғындары қатысты. Кездесудің мақсаты – 2025 жылы округ көлемінде жүзеге асырылған жұмыстар мен жобалар жөнінде тұрғындарға ақпар беру, сондай-ақ тікелей пікір алмасу.
Кездесудің алғашқы бөлігінде округ әкімінің міндетін атқарушы Абзал Есіркепов сөз алып, өткен жылы округте атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол ауылдың инфрақұрылымын дамыту мақсатында атқарылған негізгі жобаларды атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы ауылдың кіреберіс бөлігіне жаңа арка орнатылды. Сонымен қатар, Масаншы ауылының бірнеше көшесіне 300-ге жуық жол жүру ережелері белгілері қойылды. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысын реттеу мақсатында жүзеге асырылған.
Округ әкімінің міндетін атқарушы сондай-ақ, аудан басшысы Бегзат Болатбековтың 2025 жылғы 30 қаңтарында Масаншы ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі барысында көтерілген мәселелердің орындалуына, жоспарланған жұмыстардың іске асырылу барысына тоқталды.
«Күнбатыс-2 ауылындағы ұялы байланыс операторлары мұнараларының жұмысына зерделеу жүргізілді. «Beeline» және «Activ» байланыс операторларының мобильді интернет қызметтерінің сапасын жақсарту үшін қажет шаралар қолға алынуда.
Ағымдағы жылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда», — деп толықтырды баяндамашы.
Шарада, сонымен қатар, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков және полиция бастығы Бауыржан Үдергенов құқықтық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік және тұрғындардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Қайыржан Еркінбкұлы, өз баяндамасында құқықтық тәртіпті сақтау, заңдылықты қамтамасыз ету және қылмыс санының төмендеуіне бағытталған шараларға ерекше назар аударды. Ол округтегі құқық бұзушылықтармен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Ал, Бауыржан Арынұлы болса құқықтық тәртіптің сақталуы, полиция қызметінің жұмыс тиімділігі туралы баяндап, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларды атады.
Кездесу барысында тұрғындар аудан әкіміне сұрақтар қойып, өз мәселелерін ортаға салды.
Бегзат Сейсенқұлұлы, тұрғындар сауалына заң шеңберінде жауап беріп, ауылдық округтің экономикасын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану қажеттілігін атап өтті.
Бұл есептік кездесу округ тұрғындары мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтуға, атқарылған жұмыстардың нәтижелерін бағалауға және келешек жоспарлармен бөлісуге мүмкіндік береді.
Әділет САТЫШЕВ