МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ 3 ЕСЕ АРТАДЫ

0

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы құрылымындағы машина жасау саласының үлесі – 1,5%, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 13%. Қазіргі уақытта салада 3,8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 118 мыңнан асады.
Жалпы машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі: егер соңғы 5 жылда өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласы 17,6% өсім көрсетті.
Министрдің айтуынша, саланы одан әрі нығайту аясында жаңа жобаларға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, мұнай-газ, тау-кен металлургия машинасын жасау, сондай-ақ автомобиль жасау салаларындағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп күтілуде.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылғанын баяндады. Оның жұмысы аясында $400 млн сомасына болашақта отандық өндірушілер (зауыттар) жеткізе алатын сұранысқа ие өнімдердің 7 тобы анықталды. Ол үшін ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері енгізілді, олардың қатарында «Ерте тендер», «Сынамалық тапсырыс» және «Инвестициялардың орнына келісімшарт» бар.
Премьер-министр өткен 5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде салаға $470 млн-нан астам шетелдік инвестиция тартылды. Сондай-ақ саланы одан әрі дамыту әлеуеті зор.
«Отандық өнімді экспорттау үшін бізде айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы $141 млрд-ты құрады. Яғни, еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы қысқа мерзімде Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын келісуді, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығының тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Қазақстанда аналогтары бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесін пысықтауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.