Кенен ауылы тек өнердің ғана емес, ғылым мен білімнің де ордасы. Бұл ауылдан шыққан ойшылдар мен білімгерлер ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Дегенмен кейде бір әулет ерекше көзге түседі. Солардың бірі – Байсаловтар отбасы, оны ауыл тұрғындары «математиктер әулеті» деп біледі. Бұл атау тегін емес, өйткені әулет мүшелері ұрпақтан-ұрпаққа білім мен ғылымның туын көтеріп келеді.
Әулет тарихының бастауында ардагер ұстаз Рахметолла Байсаловтың тұратыны заңдылық. Ол 1951 жылдан бастап ауылдағы №42 орта мектепте математика мен физика пәнінен сабақ берді. Ұстаздың талапшылдығы мен жанашырлығы шәкірттерге тек білім емес, өмірлік тәрбие де сыйлады. Сол кезден бері Рахметолла ағайдың шәкірттері ғылым мен білім саласында өз орындарын тапқан мыңдаған тұлғалар болып өсіп шықты.
«ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі» атанған ұстаздың еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі. Оның ұрпақтары әкесінің жолын жалғастырып, Қазақстанның оқушыларын математика әлеміне жетелеп келеді. Бұл – нағыз мұрагерлік, білімге деген шынайы махаббат пен жауапкершілік.
Байсаловтар әулетінің ұрпақтары өз ісін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді. Ұлы Жомарт Байсалов физика мамандығын Киров атындағы КазГУ, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде алған. Ол физика пәнінің мұғалімі мамандығынан зейнетке шыққанымен, ғылымға деген құштарлығы оны әрқашан жаңа биіктерге жетеледі.
Рахметолла Байсаловтың ұлы Ержан Рахметоллаұлы математикалық ғылымдар саласында елеулі еңбек етті. ҚазКСР Ғылым академиясы «Математика және механика» институтында аға ғылыми қызметкер, ҚазКСР Ғылым академиясының «Информатика және басқару мәселелері» институтында аға ғылыми қызметкер қызметін атқарды. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Механика және математика» ғылыми зерттеу институтында доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ-де доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ҰУ-де профессор, Astana IT University-де доцент болып еңбектенді. 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін де білім мен ғылымды дамыту жолында жемісті қызметін жалғастыруда.
Ерлан Рахметоллаұлы Байсалов та әкесінің жолын жалғастырып, Абай атындағы педагогикалық университетті математика мамандығын оқып бітірген. Ол мектепте математика пәнінің мұғалімі, директор қызметтерін атқарып, шәкірт тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Аудандағы білім саласын дамытуға зор үлес қосып жүрген азамат. Қызы Маржан Байсалова да әкесінің ізін қуып, Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітіріп, математика пәнінің мұғалімі ретінде зейнет жасына дейін еңбек етті.
Математика саласындағы бұл дәстүр енді немерелерге де жалғасып келеді. Гүлназым Байсал Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде физика мамандығы бойынша магистратураны аяқтады. 2025 жылдан бастап Алматы қаласындағы “Zeyindi Bala” оқу орталығында математика пәнінен сабақ береді. Бағлан Рахметолла да Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінде математика мамандығын бітіріп, қазіргі таңда Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы “Binom School” мектебінде мұғалім болып еңбек етуде.
Байсаловтар әулетінің тарихы көрсеткендей, математика – тек сандар мен формулалар ғана емес, тәртіп, жауапкершілік, ізденіс пен еңбек жолы. Әр ұрпағы өз ата-бабасының жолын жалғап, білім мен ғылымның туын биікке көтеріп келеді. Кенен ауылынан шыққан бұл әулет елге ғана емес, ғылым әлеміне де үлгі болып отыр.
Ұстаздардың еңбегі – уақытқа тәуелсіз, олардың шәкірттері жасампаздық пен білімді өмірлік бағытқа айналдырады. Рахметолла Байсалов пен оның ұрпақтары үшін математика – тек пән емес, өмірдің өзі, әрбір сан мен формула – болашаққа жол ашатын кілт. Содан болар аталмыш ұстаздар оқытқан оқушылар аудандық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық олимпиададар мен сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр.
Осылайша, Кенен ауылы тек өнерлі ғана емес, ғылым мен білімге бейім, ойшылдар мекені ретінде тарихқа жазылып отыр. Байсаловтар әулеті – білімнің, жауапкершіліктің және ізденістің символы, математикалық дәстүрді ұрпаққа аманат еткен нағыз мұрагерлер.
Кәусар САҒЫМБЕК, №24 Е.Қашағанов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы, Кенен ауылы