МЕДИЦИНАДАҒЫ РЕФОРМАЛАР. ОЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

0

Медицина саласы күн өткен сайын дамып, емдеу тәжірибесіне жаңа жұмыс әдістері енгізіліп жатқаны рас. Қордай аудандық ауруханасында кәсіби біліктілігі жоғары өз ісінің нағыз мамандары еңбек етеді.

Дегенмен, жергілікті медицина тақырыбы өте өткір екені баршаға мәлім, кей тұстары ақсап жатса, кей жерлері қарапайым тұрғындарға түсініксіз болып жатады.

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Қордай аудандық орталық ауруханасына 9 айлық сәби жедел түрде жеткізілді. Анасының айтуынша, бала құлап қалып, басынан жарақат алған. Жедел жәрдем бөлмесінде кішкентай науқасты хирургия бөлімінің меңгерушісі және кезекші травматолог қараған. Медициналық тексеруден кейін «Сол жақ қабырға асты сүйегінің жабық сынуы, сол жақ қабырға астындағы эпидуральды қан кету» диагнозы қойылған.

Қордай аудандық орталық ауруханасының мамандары облыстық балалар нейрохирургі Саят Жұмабаевпен телемедицина арқылы кеңес өткізіп, жедел хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдайды. Сонымен хирургиялық араласуды балалар нейрохирургі С.Жұмабаев, Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімшенің меңгерушісі Нұрлан Жақсымбаев және травматолог Әли Гасанов эпидуральды гематоманы жою бойынша күрделі ота жасады.

Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында ота сәтті өтіп, баланың жағдайы жақсы, өзін жақсы сезінуде.

Сәбидің ғажайып түрде құтқарылғаны туралы хабар әлеуметтік желілерде тарап, облыс пен республиканың баспа басылымдарында жарияланды. Жуырда Қордай АОА бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айдын Оскарұлы Байбековпен сұхбаттасқан едік. Әңгімені аудан тұрғындарының «Қордай шамшырағы – Кордайский» газетінің редакциясына жолдап, әлеуметтік желі арқылы түскен сауалдары негізінде құру ұсынылды.

 

-Айдын Оскарұлы, біздің редакциямызға қордайлықтардан көптеген сауалдар келіп түседі. Мәселен, бұрын 14 жасқа дейінгі балаларды педиатр дәрігер қарайтын. Ал қазір 5 жастан жоғары балалар терапевтің қабылдауына жазылуы тиіс. Қай уақыттан бастап мұндай өзгеріс енгізілді және не себепті? Осыны түсіндіріп берсеңіз.

-Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау және дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында бастапқы медициналық-санитарлық көмек (ары қарай – БМСК) қызметін реформалау жүргізілді. Бұл қызмет жалпы дәрігерлік практика принципі бойынша жұмыс істейді, содан кейін БМСК жалпы медициналық практикаға көшу басталды.

2010 жылдан бастап біздің ауданда біртіндеп жалпы тәжірибелік дәрігерлердің БМСК қызметі енгізіле бастады. Қордай ауылындағы емханада бүгінде балалар мен ересектерді терапевттер емес, жалпы тәжірибелік дәрігерлер (ЖТД) қабылдайды.

 

-Ересек адам мен баланың ағзасында айтарлықтай айырмашылықтар бар ғой. Сондықтан жалпы тәжірибелік дәрігердің 5 жастан асқан балаларды да, ересек адамдарды да қарауы қаншалықты дұрыс?

-Жалпы тәжірибелік дәрігер – бұл жаңа мамандық, мұндай дәрігерлер «Жалпы дәрігерлік тәжірибе» атты арнайы бағдарлама  бойынша білім алған.

 

-2007 жылдары еліміздің медициналық оқу орындарында педиатрия факультеттері мүлдем жабылып қалған болатын. Ал қазір болашақ балалар дәрігерлерін дайындайтын факультеттер бар ма?

-Педиатрия факультеттерінің орнына жалпы тәжірибелік дәрігерлер факультеттері ашылды. Жалпы тәжірибелік дәрігер немесе отбасылық дәрігердің терапевттен айырмашылығы ересектерді, жаңадан туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі балаларды емдеп, жүкті әйелдерді де бақылай алады. Бір сөзбен айтқанда, бір маман сіздің бүкіл отбасыңызды емдей алады.

 

-Аудандық орталық ауруханасында қанша педиатр дәрігер бар? Балалар дәрігерлері жеткілікті ме?

-Бүгінгі таңда Қордай орталық аудандық ауруханасында 12 педиатр жұмыс істейді, оның 3-і стационарлық дәрігер, 5-і ауылдардағы учаскелік педиатрлар және 4-і Қордай ауылындағы емханадағы кеңесші-педиатр. Аудандық емханадағы педиатрлар аймағымыздың түкпір-түкпірінен келген балаларға жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жолдамасы бойынша кеңес береді. Сондықтан, қажет болған жағдайда, кез-келген ЖТД әрқашан баланы педиатрдың кеңесіне жібере алады.

 

-Келесі сұрағымыз – дәрігерге жазылуға байланысты. Аудандық орталық аурухананың тіркеу бөліміне қоңырау шалу арқылы жазылу керек. Ол телефонға қоңырау шалсақ, көп жағдайда жауап бермейді, бұл біріншіден, екіншіден, кесте жасалмады, кесте жасалуы тиіс, кейін хабарласыңыз дейді. Сонда ол не деген кесте?

-Жалпы тәжірибелік дәрігерлердің пациенттерді қабылдау кестесі апта сайын, әр сенбіде сағат 11.00-де алдағы 7 күнге жасалады.

 

— Ал, дәрігерге жазылдық делік, белгіленген уақытта сол дәрігерге кіру мүлдем мүмкін емес. Бұл, әсіресе, жұмыс істейтін азаматтар үшін өте қолайсыз. Жұмыстан сұранып шығамыз. Жағдайды қалай өзгертуге болады? Осы жайлы айтсаңыз.

-Біз ЖТД қабылдауды уақтылы бастау мәселесін пысықтап жатырмыз, бірақ алдын ала жазылмаған жедел жәрдем арқылы жеткізілген пациенттерін қабылдауға, сондай-ақ науқастардың кешігіп келуіне және келмеуіне байланысты кешіктірулер жиі кездеседі.

 

-Енді терапевттер жайлы сөз етсек. Учаскелік терапевттер көбінесе жұмыста болмайды. Басқа учаскенің дәрігеріне жолдайды, ал оған кезек күтіп, уақыт кетіріп кіргенімізбен, өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге ертең келіңіз деп шығарып салады. Қазір орталық ауруханада қанша терапевт бар? Олардың жұмыс кестесі қандай?

-Қордай АОА-да қазіргі уақытта нақты жалпы тәжірибелік дәрігерлердің 66.75 ставкасы бар, 62 ставкада дәрігерлер жұмыс істейді (ЖТД бос орындары – Қарасу, Қаракемер және Қақпатас ауылдық дәрігерлік амбулаторияларында бір-бір орын). Ал Қордай орталық БМСК бойынша 21,5 жалпы тәжірибелік дәрігерлер ставкасы бар, 19 орында дәрігерлер еңбек етуде. Қосымша Қордай АОА консультациялық-диагностикалық бөлімшесінде 5 дәрігер-педиатрлар бар.

 

-Соңғы уақыттары дәрігерлер көбейді. Соған қарамастан мамандарға қаралу жайы қиындап кетті. Жалпы дәрігерлердің жұмыс кестесі жайлы айтып берсеңіз. Бұрындары дәрігерлер жұмыс уақтысында таңертеңнен кешке дейін отырып қабылдай беруші еді. Бүгінде бір күні түске дейін, бір күні түстен кейін отырады. Көп пациенттер үшін қолайсыздықтар туғызады.

— Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын ұйымдастырудың жаңартылған стандартына сәйкес, еңбек шарты бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерлер аптасына 40 сағат жұмыс істейді: амбулаториялық қабылдауда 5 сағаттық жұмыс кестесі бойынша 6 жұмыс күні, қалған жұмыс уақытында жалпы тәжірибелік дәрігерлер күнделікті учаскелерді аралауға шығады.

Сонымен қатар, Қордай орталық аудандық ауруханасының әкімшілігі ЖТД мамандарын үздіксіз оқытуды қамтамасыз етеді, соңғы үш айда 11 дәрігер оқудан өтті.

Денсаулыққа немесе салауатты өмір салтын сақтауға қатысты кез-келген сұрақтармен отбасылық дәрігерге жолығуға болады. Ол профилактикалық тексерулер мен скринингтерді жүргізетін дәрігер. Дәрігерге келу мүмкін болмаса, оны үйге шақыруға болады. Заң бойынша ол үйде стационар ұйымдастыра алады. Сондай-ақ емханада тәулік бойы бақылауды қажет етпейтін науқастарға арналған күндізгі стационар жұмыс істейді. Вакцинация мәселелерімен жалпы тәжірибелік дәрігер айналысады: ол балалар мен ересектерге арналған вакцинация кестесін жасайды.

 

-Бір емес бірнеше мекемеде жұмыс істейтіндер МӘМС бойынша қалай төлейді? Барлық жұмыс орнынан ақша аудару міндетті ме?

— Кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл ретте төлемдерді есептеу үшін шекті табысты есепке алу қажет – бұл 10 ең төменгі жалақы (2024 жылы 850 000 теңге). МӘМС-ке жарналар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 000 теңгеден аспауы керек (850 000 теңгеден 3%). Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орындарынан түсетін жиынтық табыс есепке алынады, яғни әр айға төленетін жарна 17 000 теңгеден (850 000 теңгенің 2 пайызы) аспауы тиіс. Төлемдерді дұрыс есептеу үшін қызметкер бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама өткізуі керек. Ресми қызметтен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді және ол Салық кодексінің талабына сәйкес есептеледі.

 

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрігерге қаралып жүріп, кейде, жеке зертханаларға жолығуға тура келеді. Қандай зерттемелер (анализдер) тегін тапсырылады? Және қандай тегін дәрі-дәрмектер алуға болады?

-ҚР ДМ 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 белгілі бір ауруларды (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы Бұйрығына сәйкес міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарналар мен төлемдерді төлейтін Қазақстан Республикасының азаматтары дәрілік заттарды міндетті медициналық сақтандыру бойынша да, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша да алуға құқылы.

-Сұхбатыңызға рахмет!

 

Дайындаған Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.