МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫ СЫНҒА АЛДЫ

0

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында аталған ведомствоның басшысы Ажар Ғиният өңірлерге жұмыс сапары және халықпен кездесу, азаматтарды қабылдау және ведомствоға келіп түскен арыз-шағымдарды ескере отырып, медициналық көмек сапасының стандарттарын өрескел бұзатын бірқатар аймақ пен медициналық ұйымның жұмысын қатаң сынға алды.

«Жыл сайын медициналық көмек сапасына қатысты 5,6 мыңнан аса арыз тіркеледі. Биыл бірінші жартыжылдықта осындай 2,8 мың арыз-шағым келіп түскен. Бұл ретте 30%-дан аса жағдайда фактілер нақтыланады. Өкінішке қарай, жағдай жақсы жағына өзгеріп жатқан жоқ. Бір¬қатар өңірде медицина қызметкерлерінің өз қыз¬меттік міндеттерін орындауға салғырт қарауы және медициналық ұйымдардың менеджементі нашар ұйымдастырылғаны байқалады», деді А.Ғиният.
Министр медициналық көмек көрсету ережелері мен стандарттарын бұзу жаппай сипат алып бара жатқанына назар аударды. Биыл 6 айда осы тектес 500-ден аса жағдай тіркелген. Сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті көбінесе жағымсыз жайттарға әкеліп соғатын клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқуға қатысты 1 600-ден аса фактіні анықтады.
«Ана өлімі жағдайларын тексеру де стандарттардың сақталмайтынын көрсетеді, себебі аналар өлімінің құры¬лымын сараласақ, 73% – бұл басқарылатын, яғни әрекет-амал жасауға болатын себептер, 27% өлім жағдайы ғана ауыр соматикалық аурулардың салдарынан болған», деді А.Ғиният.
Министр ана өлімі бойынша ахуал мәз емес өңірлердің рейтингінде Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласын атады. Ол Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында биыл 3 рет ана өліміне жол берілгенін «сорақы жағдай» деп атады. Сарапшылар барлық жағдайда да диагностика кеш жасалғанын, қауіп-қатер мен емдеу тактикасы дұрыс бағаланбағанын нұсқады. Салдарынан өмірі үшін маңызды ағза мүшелері қайтымсыз өзгеріске ұшырап, соңы өліммен аяқталғанын айтты министр. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басшысы қызметінен босатылды.
Амбулатория мен стационар деңгейінде науқастың жай-күйін жете бағаламау, медициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықтың жоқтығы салдарынан өлім жағдайына алып келген осындай шулы жайттар Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында да орын алғанын мысалға келтірді.
«Мұндай сорақы жайттар бүкіл өңірдегі жұмысты жоққа шығарады әрі денсаулық сақтау саласына нұқсан келтіреді», деп ескертті ведомство басшысы әріптестеріне.
Мәселен, министр атап өткендей, комитетке келіп түскен орынды шағымдар бойынша аймақтарды саралау нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы ахуал мәз емес 6 өңір анықталды. Олар келіп түскен шағымдардың 59%-ы нақтыланған Павлодар облысы (№1 қалалық аурухана, Екібастұз қалалық ауруханасы, Павлодар қаласындағы №3 емхана). Одан кейінгі шағым көп түсетін аймақтар: Алматы облысы (Іле, Талғар ауданының орталық ауруханасы, Қарасай ауданындағы ауданаралық көпбейінді ауру¬хана) – 56,3%, Жамбыл облысы (Байзақ, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы, №5, №8 қалалық емханалар, Шу қаласының емханасы) – 51%, Қызылорда облысы (Көпбейінді қалалық аурухана, Шиелі және Жаңақорғандағы ауданаралық аурухана, №3 қалалық аурухана) – 44,4%, Алматы қаласы (№4 қалалық аурухана) – 35,7%, Маңғыстау облысы (Бейнеу аудандық орталық ауруханасы) – 31,3%.

Leave A Reply

Your email address will not be published.