Алматы қаласында дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту, жандандыру және олар үшін жағдай жасау, шығармашылық жетістіктермен алмасу, сондай-ақ Қазақстанның түрлі қалаларынан мәдениет ұйымдары мен шығармашылық ұжымдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын кеңейту мақсатында өткен «MEGA DANCE» байқауында қордайлықтар топ жарды.
Классикалық би мен балет өнерінің майталманы, ұстаз Махаббат Баденовадан тәлім алатын «Махаббат» би ансамблі жанындағы «Грация» би тобы І дәрежелі дипломға ие болды. Бұл топтың құрамында Іңкәр Қуаныш, Айлана Әлімбай, Анель Қайрат, Райна Жақсыбек, Дарина Майрамбекова, Аяулым Ершібұл, Асаль Абушева, Айзере Бесбай, Жания Мырзахмет, Айару Мұратқан, Аси Аманула, Сания Сырлыбек, Аша Жилкибекова, Раяна Мұратова және Аделя Скокпаева сынды жас таланттар бар. «Грация» тобының алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратыны сөзсіз.
Елімізге танымал кәсіби мамандар Гүлнар Адамова, Сәуле Рахмедова, Талғат Ахметовтың алдында жоғары дәрежелі шеберліктерін көрсете білген ұжымға байқау барысында мақтау аз айтылған жоқ. Сонымен қатар, аталмыш байқау соңында «Махаббат» халықтық би ансамблінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жазықбаева Зияш Еркебекқызы алғыс хатпен марапатталды.