Өмірдің қилы соқпағынан өтіп, жастары шау тартқанда түрлі себептермен панасыз қалатын жандардың арамызда бары өкінішті. Сондай тағдыр талқысына түскен қарттарға қамқор болған орындардың бірі – №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы. Алыстан көзге ыстық басылатын бұл шаңырақты «Қарттар үйі» деп айтуға аузың бармайды. Өйткені, табалдырығын аттаған сәттен-ақ мұнда ерекше жылулық пен мейірімділік сезіліп тұрады.
№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында бүгінде 15 қарт тұрып жатыр. Уақытылы тамақ, емдік шаралар, маусымдық киімдер, қысқасы мұнда қарт адамға қажеттінің бәрі бар. Орталықтың қызмет алушысы Бақытбек Алқамбаевтың бұл жерге келгеніне жарты жыл болған. 65 жасар азамат қарттар үйіндегі көрсетілетін қызметке көңілім толады, басшылықтан бастап қызметкерлеріне деген алғысым шексіз, дейді:
– «Қарттар үйі» дегенде алғашында жатырқай қарадым, уайым да болды. Қызмет алушыларды еш жерге шығармайтын, қатаң тәртіп орнаған жер, деп ойлайтынмын. Бірақ орталыққа келген соң барлығы керісінше екеніне көзім жетті. Қызметкерлердің қамқорлығын, кең пейілдігін көріп, бойымдағы барлық қорқыныш, күдігім сейілді. Мұнда бізге жайлы жағдайдың бәрі бар – төрт мезгіл тамақ беріледі, таза киіммен, төсек орынмен қамтылғанбыз, әр бейсенбі сайын моншаға алып барады. Қажет болып жатса, өз шаруаларымызбен сұранып шығып келеміз. Сан түрлі тағдырлар мекенінде сырлас тауып, дос болып жатқан жандар да бар. Бұл жердегі тірлік бөлек. Алғыс айту күніне орай мен барлық қызмет алушылардың атынан №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының ұжымына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Күнделікті қал-жағдайымызды сұрап, көңілімізді аулап, барынша қолдау көрсетеді-деп ризашылығын білдірді Бақытбек Алқамбаев.
Орталықта қарттардың денсаулығын қалт еткізбей қадағалап тұратын маман жеткілікті. Қызмет алушылар дәрі-дәрмектермен толық қамтылған, тиісті медициналық көмекті аудандық емхана мен ауруханадан алады. Сонымен қатар, психологиялық диагностика, қарттар мен мүгедектерге психологиялық консультация, тренингтер өткізіліп тұрады.
– Қарияларымызға ерекше мейіріммен, қамқорлықпен қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Әсіресе, егде жастағы адамдар жылулыққа зәру болады, сәл нәрсеге ренжіп, мұңайып қалады. Сондықтан біз бүкіл ұжым болып сол жарым көңілдердің жайын табуға тырысамыз, — дейді орталықтың маманы Чынархан Сопуева.