Кез-келген ата-ананың туған перзенті үшін кеудесін оққа тосып, отқа да түсуге әзір болуы – қалыпты. Ал бөтенді бауырына басып, аялы алақанының жылуын сыйлау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін батыл қадам. Жатты жылатпаған осындай пейілі кең, жүрегі дархан жандар арамызда баршылық.
Солардың бірі – Қордай ауданының тұрғыны Гүлден Кеңесбаева. Қасық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы бүгінде екі балаға мейірімін төгіп отырған үлкен жүректі ана. Кейіпкерімізбен жақынырақ танысу үшін Әлжан ана ауылына арнайы бардық.
Кеңесбаева Гүлден Жақсылыққызы 1992 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданы Сарықобда ауылында дүниеге келген. 1-сыныпты ауыл мектебінен оқып, 2001 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Ноғайбай ауылындағы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектебіне ауысады. 9-сыныпты аяқтаған соң, Ноғайбай ауылындағы ауылшаруашылық колледжіне экономист, бухгалтер және аудит мамандығы бойынша оқуға түседі. 2012 жылы Тараз қаласындағы «Тараз инновациялық-гуманитарлық» университеті жоғарғы оқу орнына түсіп, 2014 жылы «Қаржы экономика және бизнес» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2011 жылы Әлжан ана ауылындағы «Сәтпайтегі» шаруа қожалығында есепшінің көмекшісі болып бастаған Гүлден 2013 жылдан Қасық ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-қаржы агенті, 2020 жылдан бас маман болып қызметке кірді.
Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын Гүлден Кеңесбаева мемлекеттік қызметші болуды абыройлы міндет деп біледі.
«Мен мамандық таңдауды тағдырыңды таңдау деп санаймын. Қабілетіне сай, ары қарай дамуына оң әсерін тигізетін мамандықты таңдаған жанның табысты болатыны анық. Себебі, мамандығын жақсы көретін жан жұмыс барысында кездесетін кез-келген қиындыққа мойымай, шыдас береді», — дейді Гүлден.
Бірнеше жылдық тәжірибесінің арқасында Гүлден Жақсылыққызы жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игерген. Кейіпкеріміз білікті маман ғана емес, отбасында асыл жар, аяулы ана да. Жұбайы Ермек Тулендиевпен 2011 жылы шаңырақ көтерген. Сүйіспеншілігі мен сыйластығы жарасқан жұп ұзақ жылдан бері сәбилі бола алмай, 2022 жылы бала асырап алуды шешеді. Бұл екі жастың өмірінің жарқын жағына өзгеруіне сеп болған шешім болды.
«Бала асырап алайық деген ұсынысыма жолдасымның қолдау білдіргені маған жігер берді. Сөйтіп, 2022 жылдың наурыз айында Алматы қаласындағы “Жанұя” балалар үйінен екі ағайынды Оразбек Бауыржан және Оразбек Саянды қамқоршылыққа алдық. Балаларымыз бізге тез бауыр басты, бірден әке, ана деп атап кетті. Қазір үлкен ұлымыз 11-де, кіші ұлымыз 9 жаста, екеуі де мектеп оқушысы. Үлкен ұлымның мінезі біртоға болса, екінші ұлымыз өте белсенді, шапшаң».
Балалы болғалы бақыт бесігі тербеліп, шаңырақтарының шаттығы еселенген отбасы «енді ұлдарымызға лайықты тәрбие беріп, елге елеулі, халыққа қалаулы нағыз азамат қылып өсірсек деген тілегіміз бар» дейді кейіпкеріміз.
Бір бала емес, бірден екі баланы қамқорлыққа алу – ерлікпен пара-пар. Ермек пен Гүлден екі ұлмен шектелмей, енді бір қызды болсақ деп армандайды. Бала асырап алуда тәжірибесі бар жұпқа бұл қиын болмасы анық.
Гүлден Кеңесбаева секілді үлкен жүректі мемлекеттік қызметшілердің бары қуантарлық жайт. Гүлден мен жары Ермекке балаларын өсіріп-жетілдіріп, болашақта үлкен бір өнегелі отбасы болуларын тілейміз.