«МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!»

0

Сенбі күні ауданымыздағы барлық білім ұяларында күміс қоңыраудың сыңғырлаған үні естілді. Бұл күні ата-аналар мен ұстаздардың, мектеп бітіруші түлектердің жүзіндегі алаулаған шаттық, көңілдеріндегі алабұртқан сезім ерекше байқалып тұрды.

«Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау жиыны талай шәкіртке алтын ұя атанған білім ордасының бірі – Мұхамед Хайдар Дулати атындағы тірек мектебінде де өтті. Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөзді алған мектеп директоры Жібек Садабаева үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге сәт сапар тіледі.

– Қымбатты жас түлектер! Бүгін сіздер үшін ерекше күн, тарыдай болып кірген мектепті бітіріп жатырсыздар. Енді алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз білімдеріңізді дәлелдеп, үмітімізді ақтайсыздар деген сенімдемін. Белді жоғары оқу орындарына түсіп, туған еліміздің өркендеуі жолында еңбек етулеріңізге тілектеспін. Баршаңызға ақжол тілеймін»,-деді мектеп директоры.

Осыдан кейін ортаға шыққан 1-сынып оқушылары мектеп бітірушілерге арналған өлең шумақтарын оқып, аға-әпкелеріне дайындаған сыйлықтарын табыстады. Түлектер өз кезегінде сынып жетекшілеріне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, он бір жыл бойы білім берген аяулы ұстаздары шәкірттеріне сәт сапар тілеп, қимастықпен қоштасты. Осыдан кейін әуезді ән қалықтап, 11-сыныптың қыз-жігіттері қоштасу вальсін биледі.

Дәл осындай соңғы қоңырау жиыны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінде де өтті. Аталмыш білім ұясын 117 оқушы аяқтады. Оқушылар аудандық, облыстық пән олимпиадалары, ғылыми жобалар, шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды, спорттық жетістіктері де аз емес. Салтанатты жиында алдымен осындай үздік түлектерді ортаға шақырып, қошемет көрсетті.

Айта  кетейік, Қордай ауданы бойынша биылғы оқу жылында 1439 оқушы мектеп бітіріп, олардың 800-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Оның ішінде 15 оқушы «Алтын белгіге», 42 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.