Мектеп оқушыларымен өткен ерлік сабағы

0

Гвардейск гарнизонындағы танк бригадасының әскери қызметшілері Бауыржан Момышұлы атындағы 43-ші орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен «Отанды қорғау – әр азаматтың міндеті» тақырыбында ерлік сабағын өткізді.

Елін, жерін қорғау – әр азаматтың Отан алдындағы қасиетті парызы. Сол себепті, ел намысын қорғайтын жастарды патриотизмге тәрбиелеу маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.
Сабақ барысында әскери істің қыр-сыры мен қызмет барысындағы адал еңбектің маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ өз міндетін адал атқарып, оқу-жаттығулар мен армиялық ойындарға белсене қатысқан әскери қызметшілер туралы айтылды. Сонымен қатар әскери оқу орындарға оқуға түсетін үміткерлерге жасалған мүмкіндіктер де жеткізілді.
Ерлік сабағына қатысқан Ауған соғысының ардагерлері Таласбай Терлікбаев пен Серік Шегіров, сұрапыл соғыста қазақстандықтардың жауынгерлік тапсырмаларды қалай орындағанын, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерлігі жайында кеңінен әңгімелеп берді.
– Бүгінгі ерлік сабағы оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сабақ барысында біз оқушыларға патриоттық тәрбие бере алдық деп ойлаймын. Оқушылар ардагерге өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап ала алды. Бұл кездесуден оқушылар үлкен әсер алып, қызығушылықтары арта түскені сөзсіз, – дейді танк взводының командирі 3-ші сынып сержанты Сейткәрім Нұрсейіт.
Шара соңында мектеп басшылығы ерлік сабағын ұйымдастырған әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.