МЕКТЕП ТОЛҚЫНЫНДА «QADAM.FM»

0

Әлжан ана ауылындағы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп әрдайым жаңашылдықтарымен, бастамашылдықтарымен көзге түсіп жүретін оқу орны. Жаңашыл бастамаға жаны құмар мектеп оқушылары бүгінде аудандағы алғаш мектеп болып тың идеяны қолға алған екен. Яғни «Qadam» шағын медиа орталық ашып, онда оқушылар өздігімен ой-өрістерін дамытуда. Мектепішілік орталықтың алғаш басқан қадамын байқап білмек болдық.   

Бұл орталық мектеп мұғалімі Райхан Дүйсеннің ұйытқы болуымен ашылған. Ол өзі қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Оқушыларға тек білім беріп қана қоймай оларды жан-жақты ойлау қабілетін дамытуды қалайды. Жас маман өткен жылы осы мектепке жұмысқа орналасып бүгінде оқушыларды шығармашылыққа бейімдеуде. «Qadam» шағын орталығы әуелінде мектепішілік газет болып ашылған. Өзіндік арнайы сайты бар. Айына бір мәрте шығатын мектеп газеті әр сыныптарға таратыла бастайды. Бұл жұмыстарға оқушылар қызығушылығымен атсалысады. Онда түрлі сұқбаттар мен жаңалықтар және қызықты ақпараттар жарияланып тұрады. Болашақта тілшілік пен тіл мамандығына қызыққан оқушыларға бұл жұмыстар таптырмас мүмкіндік екені рас. Олар осы бастама арқылы көп ізденіп, армандарының алғашқы қадамдарын аттағанына қуанышты.

— Біз «Qadam» атауын алғанымыздың да себебі жоқ емес. Өйткені оқушылар армандарына қадам басуда. Бүгінде оқушылардың ізденістері көңіл қуантады. Мектеп басшылығы да бастамамызды қолдап, әрдайым  қолдау көрсетуде, — дейді Райхан Дүйсен.

Оқушылар арасында мектеп газетінің редакторы мен тілшілік қызметтері бөлінген. Осылайша оқушылардың қызығушылығының арқасында «Qadam» газеті бүгінде мектептің медиа орталығына айналуда. Енді, №23 Т.Рысқұлов мектебінде «Qadam.FM» радиосы жұмыс жасайды. Радио оқушылар үшін бес күн бойы қызмет атқарады. Әр күннің өзіндік күнделігі мен кезекші редакторы бекітілген. Мәселен, дүйсенбі күнгі ұзақ қоңырауда тарих жайлы ақпараттар беріледі. Яғни, оқушылар  ауыл тарихы және аудан қала берді еліміздің тарихын тыңдайды. Ал, сейсенбі күні «дәл осы дата» айдары өткізіледі. Сәрсенбі күні ұлы Абайдың шығармашылығына арналса, бейсенбінің ұзақ қоңырауы тіл турасында ал, жұма оқушылар үшін логикалық сұрақтар қойылып, жауабын тапқандар арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады. Сондай-ақ, аймағымызға белгілі азаматтардан сұқбаттар алынып, құттықтаулар беріледі. Бұл жұмыстардың барлығын оқушылар өздері жүргізеді. Алдын ала іріктеу өтіп, оған қызығушылық танытқандар қатысып, бүгінде өз қызметтерін мінсіз атқарып келеді. Мектепішілік медиа орталықтың өзінің кабинеті бар. Кабинет керекті жабдықтардың барлығымен қамтылған. Арнайы безендіру жұмыстары жүргізіліп, өзіндік логотипін де ойлап тапқан.

— Өзге өңірлердегі құрбыларыммен тәжірибе алмасып отырамын. Соның арқасында қолға алынған бұл дүние оқушылардың ғана емес мұғалімдердің де көңілінен шыға білді. Арнайы құрал-жабдықтары сатып алынып, бүгінде радио жұмысын жасауда, — дейді жас мұғалім Райхан Құралбайқызы. Мектеп ішіндегі кең дәлізде арнайы дыбыс күшейткіштері орналасқан. Ал, орталықтың кабинетінде оны іске асырып отыратын құрылғысы бар. Жас тілшілер болса жинақтаған материалдарын алдын ала сүзгіден өткізіп, қоңырау уақытысына дейін даярлап қояды. Болашақ мамандардың аяқ алысын Райхан өзі бақылап отырады және тапсырма беріп, орындалуын қадағалайды. «Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Бос уақытымызды тиімді пайдаланатын болдық», – дейді аталмыш мектеп оқушылары. Ендеше мектепішілік медиа орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, оқушыларына болашақта білімді маман боларына сенім білдіріп қайттық.

 

М.Қарабаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.