«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА

0

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қазір оқушыларды мектепке дайындаудың қызған шағы. Дүкендер мен базарларға сабылған, ата-аналар балалрына ең қажеттісін сапалы әрі тиімді бағада сатып алғысы келеді. Осыған орай өткен сенбі күні аудан орталығында мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтті. Аталмыш шара республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Бұл жәрмеңкенің басты мақсаты — аз қамтылған және көп балалы отбасылардың, жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды қолдау, сондай-ақ қараша халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну.
Жәрмеңкеге Қордай ауылының оннан аса кәсіпкері қатысты. 10 сауда шатырында қалыптасқан дәстүрге сай оқушыға қажетті заттардың барлығы қойылды.
Тамыз айында әдеттегідей мектеп формалары мен кеңсе таураларына сұраныс артады. Мәселен, канцеляриялық құрал-жабдықтар 10%-дан 50%-ға дейін, мектеп формасы 10%-дан 20%-ға дейін, аяқ киім 10%-дан 25%-ға дейін жеңілдікпен саудаланды.
Жәрмеңкеге аудан әкімі Мәден Мұсаев та келіп, саудагерлермен, ата-аналармен жүздесіп, қазіргі нарық жайы, балаларды мектепке дайындау бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз етті.
Айта кетейік, ауданымызда «Мектепке жол» акциясы тамыз айында бастау алып, ауданның кәсіпкері мен еріктілері бүгінгі таңда 465 баланы (11 715 000,0 теңге) жаңа оқу жылына мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп үлгерген.
Жәрмеңке жайына қайта оралсақ. –Біздегі барлық тауардың сапасы жақсы деп айта аламыз. Мектеп формалары Түркия, Қытайдың фабрикалық өнімдерінен және Қырғыз елінен жеткізілген. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, — дейді кәсіпкер Арсмане Маров.
Ал, көпбалалы ана Айгуль Бекбосынова балаларға мектепке қажеттің барлығын бір орыннан сонымен қатар тиімді бағаға салып алудың өте ыңғайлы екенін айтуда.
Қордайлық Айгерім Маратбайдың отбасында бес бала бар. Оның үшеуі мектеп жасындағылар. Аудан орталығында ұйымдастырылған жәрмеңке осындай үлкен отбасылар үшін де тиімді болғанын айта кеткен жөн. Әрине сапа мен баға жайы басты назарда болғаны анық.
Мәселен, «Детский мир «Сказка» (кәсіпкер Курманова Малика) 7 оқушыға мектепке қажетті заттарын алып берумен қатар, аталмыш жәрмеңкеде үлкен белсенділік танытқанын да атап өткен жөн.
Жәрмеңкенің жақсы өтуіне, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау ниетте аудан өнерпаздары алаңда шағын концерттік бағдарламасын ұсынса, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жәрмеңкеге белсене қатысқан кәсіпкерлерге аудан басшысының атынан алғыс хаттар ұсынды. Онда: «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ауданда ұйымдастырылған мектеп тауарларының жәрмеңкесіне қатысқаныңыз үшін Сізге алғыс білдіреміз. «Қайырымдылық-қадірлі іс» демекші, акция барысында өз тауарларыңызды арзандатылған бағамен сатып, көптеген отбасыға көмегіңізді көрсетіп, болашақ ұрпаққа қамқорлық танытқаныңыз көпке үлгі.
Осындай ел игілігі үшін атқарар еңбегіңіз еселене берсін, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, кәсібіңізге табыс тілеймін», — деп жазылған.
Тамыз айының 31-не дейін ауданда тағы да 335 баланы қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз ету күн тәртібінің жоспарында тұр. Сонымен қоса, Қазақстан халқы ұлттық қорынан жоғарыда аталған санаттағы 800 балаға акция аясында көмек көрсету бойынша жұмыстар атқарылып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.