«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ – ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ!»

0

Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық акциясы 2025 жылы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл игі бастама – еліміздің әрбір азаматы үшін әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, балаларға деген жанашырлық пен қамқорлықты нақты әрекетпен көрсетуге үлкен мүмкіндік.

Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке бармауының алдын алу, сонымен қатар аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына толыққанды дайындықпен баруына қолдау көрсету.

Бүгінгі таңда аудан мектептерінде «Мектепке жол» акциясын өткізуге қатысты арнайы ережелер мен іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс қызу жүргізілуде. Білім беру ұйымдары, ата-аналар комитеттері, ауылдық округ әкімдіктері, жеке кәсіпкерлер мен демеуші азаматтар бірлесіп, көмекке мұқтаж балаларды анықтап, қажетті қолдау түрлерін көрсетуде.

Бір баланың мектепке толық дайындықпен баруы – тек оның ғана емес, бүкіл қоғамның жетістігі. Себебі, бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Осы орайда, әрбір бала назардан тыс қалмай, қажетті оқу құралдарымен қамтылуы үшін атаулы және нақты көмек көрсету – әр азаматтың адамгершілік борышы.

«Мектепке жол» акциясы – тек материалдық көмек көрсету емес, сонымен қатар баланың бойында «мені қоғам қолдайды, мен жалғыз емеспін» деген сенімді қалыптастырудың жарқын үлгісі.

Аудан тұрғындары мен барлық әлеуметтік серіктестерге, жергілікті кәсіпкерлер мен жеке азаматтарға үндеу тастай отырып, балаларға арналған бұл маңызды бастамаға атсалысуға шақырамыз. Әрбір қайырымды жандар мен мекемелерден келетін кез келген көмек – үлкен қуаныш пен үміттің отын жағатыны сөзсіз.

Қамқорлықты бірге жасайық – білім жолындағы бала бақытын бірге бөлісейік!

Leave A Reply

Your email address will not be published.