Қарапайым ауыл қызының шетелдегі ірі қалалардың бірінде өз жолын тапқаны туралы сюжет тек фильмдерде ғана кездесетін сыңайлы. Алайда, бүгінгі кейіпкеріміз мұндай сценарийдің шынайы өмірде де болуы мүмкін екендігінің дәлелі.
Назгүл Салиева – Қордай ауданының тумасы. Бүгінде ол Австралияның Мельбурн қаласындағы Халықаралық банктерінің бірінде бұлттық жүйелер инженері болып жұмыс істейді. Қордайлық қаракөзіміздің дүниенің түпқиянындағы мемлекетке қалай келгені, ондағы өмірі мен жұмысы туралы бізге кейіпкеріміздің анасы Айжан Салиева айтып берді.
Назгүл Еділқызы бастауыш сыныпты М.Ломоносов атындағы орта мектебінде оқып, 5-сыныптан бастап Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында білім алған. Алтыншы сыныпты аяқтаған соң ата-анасы оны Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейіне түсіруді шешеді. Назгүлдің білімге деген құштарлығы мен табандылығы үздік оқушылар қатарынан көрінуіне ықпал етті. Лицейді қызыл аттестатпен бітіріп, жас түлек еліміздегі белді оқу орны саналатын Назарбаев университетіне грантқа оқуға түседі. Мұнда ол IT-технологияларды тереңдетіп оқыды, қажетті білімді игерумен қатар, өз қабілетіне сенім арта бастады. Университет қабырғасында жүріп ол болашақ жарымен танысады. Ортақ қызығушылықтары мен өмірге көзқарастары бір екі жас магистратураға бірге түсіп, көп ұзамай шаңырақ көтерген.
Магистратураны тәмамдаған соң, жас отбасы Минск қаласына көшіп барады. Осында екі баланың ата-анасы атанады. Назгүл барлық уақытын бала тәрбиесіне арнады, бірақ IT саласына қызығушылығы да төмендемеді, ол үнемі жаңа технологиялардың дамуын бақылап отырды. Жалпы өзге елге қоныс аудару бұл жанұя үшін жаңа мүмкіндіктерге жасалған алғашқы қадам болды. Бір жылдан кейін жолдасы Австралиядағы ірі компаниялардың біріне жұмысқа шақырту алып, отбасымен Мельбурн қаласына қоныс аударады.
«Қызымның отбасымен Австралияға көшіп барғанына бес жыл болды. Қанша дегенмен өзге жер, өзге мәдениет болғандықтан үйренісіп кету қиын болғаны рас. Оған қоса ол кезде екінші баласы небәрі төрт айлық еді. Бірақ, күйеу балам да, қызым да тіл жағынан қиналмады. Екеуі де ағылшынша еркін сөйлейді. Назгүл бес тілді меңгерген. Қазақ, түрік, орыс, ағылшын және француз тілдерін біледі», — дейді анасы Айжан Салиева.
Назгүл декреттік демалыстан кейін жұмысқа орналасуды шешіп, IT саласындағы мүмкіндіктерді іздей бастаған. Білімі мен тәжірибесінің арқасында ол тез арада Мельбурндағы Халықаралық банкке жұмысқа орналасып, бұлтты жүйе инженері атанды. Бұл – интернет пен қосымшалардағы деректерді бір жерде қауіпсіз сақтау технологиясы. Бүгінде әлемдегі ірі кәсіпорындар дербес деректерін осы жүйе бойынша сақтайтын көрінеді. Назгүлге Австралиядағы жұмысы қызықты әрі кәсіби тұрғыда дамуына да мүмкіндік берді. Бұл салада қызмет ету асқан жауапкершілік пен қатаң талапты қажет етеді. Соған қарамастан қордайлық қаракөзіміз екі жыл бұрын осы саланың халықаралық сертификатталған маманы атанған.
Әр ата-ана бауыр еті баласының үлкен жетістіктерге жеткенін армандайды. Еңбекқорлығының, ізденімпаздығы мен сенімділігінің арқасында өзін сонау Австралияда мойындатып жүрген Назгүлдей қызы бар ана бақытты. «Қызымыз атасы мен әжесінің бірінші немересі, әулетіміздің алғашқы қуанышы болды. Кішкентайынан әжесінің тәрбиесін көріп өсті. Мектепке де, қосымша сабақтар мен би үйірмесіне де сол кісі өзі жетектеп алып баратын. Назгүл лицейге, содан кейін университетке түскенде мен оны жарқын болашақ күтіп тұрғанын түсіндім. Бірақ сол кездің өзінде оның бір күні соншалықты алыс – Австралияға кетіп, халықаралық компанияда жұмыс істеп, ірі жобаларға қатысатын болады деп ойламадым. Назгүлдің кедергілерді еңсеріп, кәсіби мансабын құра алғанын мақтан тұтамын. Ол табандылық пен білімге құштарлық адам сенгісіз жетістіктерге жетелейтінін дәлелдеп, бәрімізге үлгі бола білді. Оның әрбір жетістігі – біздің ортақ мақтанышымыз»,-дейді аяулы анасы.
Сәуле Мұхадинқызы