Жуырда аудан әкімдігінде аудандық терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті. Жиынға аудан басшысы, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты мекеме басшылары және ауыл әкімдері қатысты.
Кезекті комиссия отырысында аудандық пробациялық қызметі бөлімінің есебінде тұрған деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды оңалту жұмыстары, діни экстремизм мен терроризмнің идеологиясы таралуына ықпал ететін мәселелерді анықтау және жою бойынша Масаншы және Отар ауылдық округтерінде атқарылған жұмыстарының тиімділігі және аудандық терроризмге қарсы комиссиясының отырыстарында қабылданған хаттамалық шешімдердің орындалу барысы мәселелері қаралды.
Мінберге шыққан Қордай аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Ғ.Абдразақов аудан бойынша экстремизм мен терроризм бағытында 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмысы жайлы айтып берді. Жалпы аудан бойынша 9 айдың ішінде тіркеуден 325 тұлға өткен. Оның ішінде шартты түрде сотталғандар 70 тұлға, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғандар 198 тұлға, ал арасында діни экстремизм бабымен жауапкершілікке тартылғаны 1 азамат есепке тіркелген. Баяндамашы пробация қызметінде тұрғандармен жүргізілген жұмыс жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның ішінде кәсіби теологтарды тарту арқылы жүргізілген жұмыс жайлы да сөз болды. Баяндама аяқталысымен Мәден Тоқтарбайұлы аудан бойынша қанша дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері бар екендігін сұрады. Тиісті жауап алған аудан әкімі бұл азаматтармен жұмыс істеп, еліміздің заңын бұлжытпай орындату мәселесіне қатаң қадағалау қажет екендігін атап өтті.
«Мемлекеттік органдар өкілдері осы мәселелер төңірегінде өздеріне қойылған сұрақтар мен баяндамаларын мәлімдеді. Терроризмге қарсы күресу еліміздің әрбір азаматының парызы. Бұл елге, ұлтқа келетін үлкен қауіп. Сондықтан да, біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстану қажетпіз. Осы тұста ауыл тұрғындарымен жұмыс жасауда, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде ауылдық округ әкімдері мен мешіт имамдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Той-жиындарын және жаназа, жерлеу рәсімдерін өткізуде ата салт-дәстүрлерімізді негізге ала отырып Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан бекітілген тәртіпте өткізуді ескеруіміз қажет. Сонымен қатар, ауыл әкімдері жергілікті жердегі дәстүрлі емес діни ағым өкілдерін анықтау жұмыстарын күшейту керек. Тағы бір үлкен мәселе — біз шекаралас аймақта орналасқандықтан елімізге өткен әрбір азаматтың діни ұстанымына, әсіресе елге өткізетін кітаптарына баса назар аудару керекпіз», — деді өз сөзінде аудан басшысы.
Отырыс барысында көтерілген сұрақтар бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріліп, тиісті хаттамалық шешімдер қабылданды.