Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі астықты елдердің біріне айналды.
– Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде, диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендегенін, ал ұлттық экономиканың өсімі биылғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы негізгі мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екенін айтты.
– Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін қозғады.
Мемлекет басшысы келесі жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғанын атап өтіп, нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталуға тиіс екенін айтты. Президент бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.
Бұдан бөлек, Президент ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады. Көрмеде терең өңделген өнімдер, заманауи агротехнологиялар, инвестициялық, соның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ұсынылған. Мемлекет басшысына егін және мал шаруашылықтарындағы, басқа да маңызды бағыттардағы инновациялық шешімдер мен жетістіктер таныстырылды.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам адам жиналды. Іс-шараға агрохолдингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар қатысты.
Мәтіннің толық нұсқасымен akorda.kz сайтында танысуға болады.