🟦Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді.
🟦Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы мәлімет берді.
🟦Мәселен, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінің «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғаннан бері 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Халық арасынан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жолданған ұсыныстар мен бастамаларды талдау, жүйелеу жұмыстары жалғасып жатыр.
🟦Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бұған дейінгі отырыстарында бір палаталы Парламентті қалыптастыру және оның заңнамалық функцияларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
🟦9 қаңтарға жоспарланған Жұмыс тобының кезекті жиынында қалған бағыттар бойынша ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралады.
🟦Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Президентке Ұлттық құрылтайдың жұмыс секциялары бойынша желтоқсан айында өткен отырыстың қорытындылары және Құрылтайдың алдағы бесінші басқосуына дайындық барысы туралы баяндады.
🟦Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті реформалау саяси жүйені трансформациялау үдерісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, алда ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанына назар аударды. Сондай-ақ барлық бастаманы жан-жақты саралап, оның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.
t.me/aqorda_resmi